Мусин тағы да ХҚКО-ға аяқасты барып, кезек мәселесінің шешілмегенін көрді
Министр ескі орталықтардың негізгі проблемаларын анықтады
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қарағандыға жұмыс сапары барысында облыс әкімімен бірге Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен танысты. Бұл туралы ол Facebook-тегі жеке парақшасында жазды.
Министр алдымен қаладағы жаңартылған цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығына барғанын жазды. Онда әлеуметтік қызметтер мен экспресс қызметтер алу бұрыштары, жайлылық аймағы, құжаттарды беру және өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары бар екендігін, мұның бәрі өндірістік процестерді жетілдіру мақсатында Кайдзен тұжырымдамасына негізделгенін жеткізді.
Бұдан кейін ол Қарағандыдағы ескі ХҚКО-ға аяқ-асты барып, ол жерде ұзын-сонар кезекке тап болғанын жазды.
Елордадан біздің келетінімізді біліп, дайындап қойған жаңартылған халыққа қызмет көрсету орталығын аралағаннан кейін, өзімнің әдеттегідей тәжірибем бойынша ешкімге ескертусіз, Мұқанов көшесінде орналасқан Қарағандының ескі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына соқтым. Мұнда барған кезімде мен практикалық емтихан тапсыруды күтіп отырған адамдардың ұзын-сонар кезегінің куәсі болдым. Электрондық кезек жүйесі жұмыс істемейді, күтушілер үшін ешқандай жағдай қарастырылмаған. Әрине осындай жағдайлар адамдардың шағым білдіруіне әкелетіні жасырын емес», – деп жазды Бағдат Мусин.
Оның айтуынша, мәселені сол жерде шешуге тура келген. Біріншіден, жедел түрде электрондық кезекті енгізіп, екіншіден, адамдар күні бойы күтіп тұрмауы үшін, бірақ алдын ала жазылып, белгіленген сағатта келуі үшін онлайн-жазылуды ұйымдастыру туралы тапсырма берген.
«Жалпы, мамандандырылған ХҚКО-лардағы ұзын-сонар кезек мәселесін басты назарға алдық. Мұндағы автодромдардың енді сенбі күндері де жұмыс істеуі мәселесін қарастырамыз. ХҚКО мен автодром арасында шешілуі тиіс тағы бірнеше интеграциялық мәселелерді анықтадым», – деп жазды министр.
Бұған қоса ведомство басшысы осындай орталықтарға жоспарламай баруды бұрыннан іске асырып келетінін айтып, бұл нақты проблемаларды көруге және нәтижесінде цифрландыру процестерін жетілдіру бойынша тиімді жұмыс жүргізуге мүмкіндік беретінін жеткізді.