Тәжірибелі саясаткер Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың саяси мансабы мен оған беретін ағалық ақылы туралы айтты
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев туған бауыры әрі Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ұлының тойына қатысты пікір білдірді. «Сұрауы бар» Youtube арнасында болған ауқымды сұхбатта Сапарбаев тойға халық айтқандай 115 млн теңге жұмсалғанын жоққа шығарды.
Біріншіден, ондай ақша жұмсалған жоқ. Екіншіден, 200 адам болған жоқ. Қазақ болғаннан кейін той болады ғой. Оның үстіне Нұрлыбектің жалғыз ұлы. Оның бар айыбы – әкім болғанында, - дейді саясаткер.
Сондай-ақ ол ел арасындағы әңгімені «жел сөз» деп бағалайды.
Міндетті түрде бірдеңе табуы керек. Жұмыстан кемшілік таппаған соң баласынан, інісінен кемшілік іздейді. Бұлай болмайды. Осылай кете беретін болса, қазақ бірін-бірі талап жеуге жақын, - деді Бердібек Сапарбаев.
Тәжірибелі саясаткер ізін қуған інісі, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың саяси мансабы мен оған беретін ағалық ақылы туралы айтты.
«Менің ұлым да мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Оған да айтып отырамын, «Еңбекқорлық, үлкенді сыйлау және ең маңыздысы – қарапайым болып қалу керек» деймін. Сен өмір-бақи әкім болмайсың ғой», - деді Бердібек Сапарбаев.