×

Атырауда ашылған «жеке сәләфилік мектепке» тексеру жүргізіліп жатыр

Бұл жеке ұйым уәкілетті органдардан лицензия алмаған

 Еркеғали Болатұлы 11.09.2022 | 16:15
фото: ашық дереккөз

Блогер Нұргүл Мұқышева Атырауда жеке сәләфилік мектептің заңсыз ашылғанын жазды. Оның айтуынша, қыздары хиджаб пен арабтың ұлттық киімдерін киетін бұл оқу орны «Ұлттық әйелдер мектебі» деп аталады екен.

Жазбаға сүйенсек, бұл сәләфилік оқу орнының негізін сәләфиттік идеологияны кеңінен насихаттап жүрген түркіменстандық Есбосын Асан мен Розиев Мұрат қалаған. Есбосын Асан Балғабайұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы («Бопсалау») бойынша айыпты деп танылып, адвокаттық лицензиясынан айырылған.

Өздеріңіз білетіндей, сәләфиттер Қазақстан мектептеріндегі зайырлы форматта оқытуға үзілді-кесілді қарсы. Мен Қазақстан Республикасының Білім министрінен осы мемлекеттік емес «сәләфиттік әйелдер мектебіне» лицензия бермеуді және оны дереу жабуды сұраймын, - дейді Нұргүл Мұқышева.

Ал жергілікті Полиция департаменті білім беруді ұйымдастыруға қатысты ақпаратты Атырау облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету басқармасы тексеретінін, қылмыстық құқық бұзушылық анықталса, материалдарды құқық қорғау органдарына жіберетінін мәлімдеген.

Жалпы, «Қазақ ұлттық әйелдер мектебі» Ұлттық білім беру деректер базасына (ҚҰБҚ) тіркелген. Бірақ лицензия туралы мәлімет жоқ. Бүгінде Атырауда 14 жеке білім беру ұйымы тіркелген. Оларда 2070 бала білім алып жатыр десек, оның 76-сы «Қазақ ұлттық әйелдер мектебінде» екен.

Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бердібек Тайышевтің айтуынша, бұл жеке ұйым уәкілетті органдардан лицензия алмаған. Сондықтан қазір осы мәліметтер негізінде тексеру жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама