Еңбек министрлігі зейнет жасына таяған адамдарға қатысты жобаны қолға алды

Ербол Тұрымбет

«Күміс жас» жобасына қатысушылар жалақысының 50%-ын мемлекет субсидиялайды

көрнекі фото: yandex.ru

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнет жасы алдындағы - жұмыссыз адамдарды жұмыспен қамту мақсатында «Күміс жас» арнайы жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бастаманы іске асыру 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүргізіледі.

Жоба аясында жыл сайын бес мың адам қамтылады деп жоспарланып отыр.

Қазіргі «Күміс жас» жобасын ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актіні әзірленіп жатыр.

Құжатта жұмыс берушілер мен қызметкерлерге қойылатын бірқатар талаптар көзделеді. Жобаға жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан және тұрақты салық және басқа да әлеуметтік аударымдар жүргізетін, сондай-ақ жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатысады.

«Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындарынан тыс және тұрақты жұмыс орындарына арналған бос жұмыс орындарынан тыс құрылады. Мұндай жұмыс орындары ауыр, еңбек жағдайы зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда және біліктілігі төмен қызметкерлердің 9-тобына жататын мамандықтар/кәсіптер бойынша құрыла алмайды.

«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды және қатысу кезеңінде халықты жұмыспен қамту орталығы зейнет жасы алдындағы адамдар жалақысының бір бөлігін бюджет қаражаты есебінен субсидиялайды.

Жалақыға берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері жалақы мөлшерінің 50%-ын құрайды, бірақ экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып, 30 АЕК-тен аспайды.

Қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші оларды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа орналастырады.