Қостанайда өрттен зардап шеккен отбасылардан шыққан оқушылар лагерьге жолдама алды
Онда балалар сауықтыру процедураларын алып, мектепке барады
Қостанай облысында өрт салдарынан зардап шеккен отбасылардан шыққан бастауыш сыныптың 31 оқушысы «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жолдама алды. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, қазір балалар Алматыға келді. Лагерьде балалардың білім алуы және сауықтыру процедуралары үшін барлық жағдай жасалған.
Бұған дейін Щучинсктегі «Балдәурен» оқу-сауықтыру лагеріне 5-сыныптан бастап оқушылар бара бастаған болатын. Енді 3-4 сынып оқушыларын Алматыдағы бастауыш сынып оқушыларына бағдарланған «Бөбек» қабылдай бастады. Балалар сауықтыру процедураларын алып, мектепке барады. Сондай-ақ онда балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін іс-шаралар ұйымдастырылады, - деп айтты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі Қостанай облысындағы өрт кезінде эвакуацияланған балаларға көмек көрсету, оларды сауықтыру үшін «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық лагері мен орталығына жолдамалар ұйымдастырған болатын.