Ведомствоның айтуынша, тағылған айыптың негізділігі мен заңдылығы прокурормен расталады
Әлеуметтік желілерде тараған сотталушы Бақытгүл Хаменованың өзін негізсіз қудалау туралы сөздеріне қатысты Антикор мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Telegram арнасына сілтеме жасап.
Өткен жылдың желтоқсан айында Хаменова Мәдениет басқармасының басшысы А.Рысқалиевпен Мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқаны және міндеттемелерді орындау барысында жалпы қамқорлығы үшін «Балқыту» ЖШС директоры У. Адамовтан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында 4,5 млн. теңге сомасында пара алғаны үшін әшкереленгенін хабарлаймыз.
Оның әрекеттері жиналған дәлелдемелерді, оның ішінде жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін, сондай-ақ күдіктілер мен куәлардың тікелей айғақтарын ескере отырып сараланады, – делінген хабарламада.
Сонымен бірге ведомство өкілдері тағылған айыптың негізділігі мен заңдылығы прокурормен расталатынын жеткізді.
Бұған қоса СЖҚҚ Хаменованың және басқа адамдардың кінәсі туралы қорытынды шешімді сот қабылдайтынына назар аударды.
Еске сала кетсек, бұған дейін қамауда жазықсыз отырғанын айтқан Хаменова соттан әділ шешім шығаруын сұрағаны туралы хабарланды. «Антикор маған келген алғашқы күннен кейін-ақ «кінәні мойындап, процессуалдық келісімге келіп, балаларыңызға барыңыз» деді. Егер осы шартты орындасам, олар сотпен мәселені шешетіндеріне, бас бостандығымнан айырылмайтыныма уәде берді. Егер менің тиіттей де кінәм болса, мен келісер ме едім? Бірақ менің арым таза, маған тағылған айыппен ешқашан келіспеймін», деп айтты ол.
Сөз барысында Бақытгүл Хаменова көзіне жас алды. Ол тергеу изоляторында отырған 9 айдан бері екі баласын көрмегенін жеткізді.