×

Таразда көліктердің утилизациясымен айналысатын компания төңірегінде жанжал шықты

Сертификат иелері өтемақыларын ала алмай жүр

 Динара Амантай 10.09.2022 | 11:18
Фото: kolesa.kz

Таразда көліктерді қайта өңдеумен айналысатын компания қаңтар айында жабылып қалған. Бірақ мекемеге көліктерін тапсырып, куәлік алғандар онысын әлі пайдалана алмай жүр. Жамбыл облысының түкпір-түкпірінен келген ер адамдар, тым болмаса қандай да бір жауап болар деген үмітпен компания ғимаратының алдына жиналды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

30-ға жуық ер адам қаңтар айынан бері тапсырылған көліктерінің орнына берілген куәліктерді қандай пайдаға асырарын білмей дал болып жүр.

ВАЗ-2109 көлігін бердім, 220 мың теңге алуым керек еді. Олар маған сертификат берді, бірақ қазір оны ешкім де алмайды. Мұнда бәрі жабық, бізбен ешкім сөйлескісі келмейді. Қазірдің өзінде тоғыз ай өтті. Не істеу керектігін білмей отырмыз, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Мұхтар Мысантаев.

Ауыл шаруашылығы техникасын тапсырғандар да осындай жағдайға тап болған. Кейбір жамбылдықтар бұдан кәсіп жасап та үлгерген: адамдардан ескі комбайндарды сатып алып, оларды утилизацияға берген. Қазір көптеген көліктер компанияның аумағында екені, бірақ бөлшектеліп тасталғаны белгілі болды.

Осы жерге төрт комбайн әкеліп өткіздім, бірақ сертификат ала алмадым, мені тек электронды кезекке қойып қойды. Есептеуім бойынша олар маған 8 миллион теңгеге жуық ақшаны өтеуі керек еді, мен оны жаңа техника алуға жұмсағым келген. Біздің шаруашылық жер өңдейді, ары қарай дамып, қсуіміз керек. Бірақ қазір комбайндар да, ақша да жоқ, ештеңе жоқ, – деп шағымданды шаруа қожалығының басшысы Данияр Сейдуалиев.

Жамбыл облысындағы көліктерді қайта өңдеумен айналысатын жалғыз компания қаңтар айында қабылдау өткізген болатын. Бірақ жыл басында техникасын әкелгендер тоғыз айдан бері өтемақысын ала алмай жүр. Аталмыш компанияның жабылып қалуы көпшілік үшін күтпеген жағдай болды. Қазір қақпа құлыптаулы, арғы жағынан ешкім жауап бермейді. Бұл аумақ тіпті күзетілмейтін де көрінеді. Жұртшылық қаңтар айының алғашқы күндерінде кәсіпорын жұмыс істеп тұрғанын айтады. Бірақ кейін бәрі кетіп қалған. Жауапты РОП-операторы да жоғалып кетті.

«Қазір сұрайтын ешкім жоқ. 4 қаңтарда бүкіл процесс тоқтап қалды. Осы күннен бастап бізге жауап беретін ешкім жоқ. Бізге бұл жағдайға «Жасыл Даму» жауапты деген. Бірақ біздің облыста не олардың өкілдері, не телефон нөмірі, мекенжайы да жоқ. Қайда бару керек екенін, кімнен сұрау керектігін ешкім білмейді», – деді Жамбыл ауданының тұрғыны Жанболат Оразбаев.

РОП міндеттемелері бойынша жауапты мекеме расымен де Экология министрлігіне қарасты «Жасыл даму» акционерлік қоғамы болып шықты.

Бүгінгі күні 150 жеке және заңды тұлғаға тиесілі 319 өтелмеген сертификат бар. Автосалондар «Жасыл Даму» АҚ тарапынан ешқандай ынталандырудың жоқтығын айтып, сертификаттарды қабылдаудан бас тартып отыр. Қазір жеңілдік беретін сертификаттардың әрекет ету мерзімін ұзарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деп жауап берді ЭГТРМ Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Олжас Беркінбаев.

Бұған қоса министрлік сертификат иелеріне сабыр сақтап, шыдамдылық таныту керектігін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама