Биыл өңірде 32,1 мың аз қамтылған отбасыға 8,7 млрд теңгеге АӘК көрсетілді
Түркістан облысында 38,5 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек заңсыз төленген. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингіде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді.
Түгендеу жұмыстарының барысында 22 мыңнан астам атаулы әлеуметтік көмек тағайындаулары тексеріліп, заңсыз төленген 38,5 млн теңгенің 27 млн теңгесі бюджетке қайтарылған. Әсіресе, Мақтарал, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Жетісай аудандары мен Түркістан, Кентау қалаларында заң бұзушылықтар көптеп орын алған.
Сонымен бірге мемлекеттік гранттарды беру заңдылығын тексеру кезінде де заңсыздықтар анықталып, 18,1 млн теңгенің 11,2 млн теңгесі бюджетке қайтқан. Мәселен, 27 адам екі рет грант алса, 31 адам тұрақты жұмысы бола тұра грант иегері деп танылған. Сондай-ақ, олардың 90 пайызы міндетті төлемдерді уақтылы аудармаған.
Шарт бойынша ақшаны құрылысқа, сауда-саттыққа және той-томалаққа жұмсауға болмайды. Көпшілігі «мен білмедім, менің жағдайым төмен еді, емделуге жұмсадым» деп ақталғысы келеді. Дегенмен, заңның аты – заң. Қаржы тек мақсатты түрде жұмсалуы қажет. Ұсынылған бизнес жоспардан ауытқуға болмайды, - деді Әсия Құралқызы.
Спикердің сөзінше, биыл 1 қыркүйекте облыста 32,1 мың аз қамтылған отбасыға 8,7 млрд теңгеге АӘК көрсетілген. Еңбекке жарамды 51 222 АӘК алушының 35 302 адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, АӘК алушылардың 1-6 жасқа дейінгі 47,8 мың балаға 1,9 млрд теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік топтама тағайындалған.