Екібастұзда ротвейлер екі әйелді қауып алды

Динара Амантай

Иттің иесі 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді

Фото: Halyq Uni

Екібастұз қаласында ротвейлер тұқымды ит бір күнде екі әйелді қауып алған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 7 қыркүйек күні сағат 12.00 шамасында Екібастұз қаласының Б.Момышұлы көшесінде 54 жастағы қала тұрғынына ротвейлер тұқымды ит шауып, жерге құлатқан. Салдарынан әйел адам басын соғып алған. Осыдан кейін ғана иттің иесі итті әйелден ажыратып, оған көмек көрсетпей, кетіп қалған. Жарақат алған әйел бұл факті туралы полицияға хабарлады.

Жәбірленуші бас миының шайқалуымен ауруханаға жатқызылды.

Екібастұз қаласының учаскелік полиция инспекторлары 47 жастағы иттің иесін анықтады. Мән-жайларды анықтау кезінде сол күні осы иттен тағы бір адам зардап шеккені белгілі болды.

Сол күні сағат 10.30-да аталған ит 35 жастағы қала тұрғынын «Шахтер» стадионының жанында қауып алған. Жәбірленуші иттің қарғыбауы мен тұмырылдығы болмағанын айтады.

Үй жануарларын серуендеткені үшін полицейлер иттің иесін ҚР ӘҚБК 407-2-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты, енді оған он АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді. Бұдан басқа, жәбірленушілерге денсаулығына зиян келтіргені бойынша сотқа жүгіну үшін сараптама тағайындалды, – деді Екібастұз қаласы Полиция басқармасының бастығы Қайыржан Шақарғалиев.

 Ведомствода атап өткендей, биыл полиция қызметкерлері серуендеу ережелерін бұзғаны үшін 168 мысық пен иттің иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартты.