Биыл 800-ге жуық жас маман ауылда жұмыс істеуге келіскен
Бүгінде ауылда еңбек еткісі келетін дәрігерлерге 306 мың теңге мен үй алуға 4,6 млн теңге көлемінде жәрдемақы қарастырылған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен медициналық мамандықтар бойынша білім алған жастар 3 жыл міндетті жұмыс мерзімін өтейді. 2012 жылы бұл норма «Білім туралы» заңға енгізілген.
Министр ауылға медицина кадрларын тарту мәселесіне тоқталды.
Ауылда жұмысқа орналасқан медицина қызметкерлерін қолдау үшін республикалық бюджеттен 100 АЕК (306 300 теңге, 1 АЕК – 3 мың 63 теңге) және 1500 АЕК (4 млн 594 мың 500 теңге) баспаналы болуға жәрдемақы көзделген (Үкіметтің 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 қаулысы). Сондай-ақ жергілікті бюджеттен елді мекендердегі мамандарды ынталандыру үшін әр дәрігерге 1-2 млн теңге бөлінеді. Мысалы, Қостанай әкімдігімен 5 млн теңге, Солтүстік Қазақстан әкімдігімен 3 млн теңгеге дейін көтерме төлемдер төленеді, - деді Ажар Ғиният.
Нәтижесінде 2020-2021 жылы ауылдағы денсаулық сақтау ұйымдарына 1322 түлек жұмысқа орналасқан. Бұл жұмысқа тартылғандардың – 94%.
«Биыл ауылдарға медициналық білімі бар 797 түлек жолданды. Ауылда кадрларды бекіту маңызды мәселе болып саналады. Сондықтан медициналық кадр тапшылығын төмендету үшін жергілікті әкімдіктер кадрларды тарту және әлеуметтік қолдау жұмыстарын күшейтіп, жалғастыру қажет», - деді министр.