Саланы реттеудің жаңа тұжырымдамасы ұсынылады
Табиғи монополиялар саласында жұмыс істейтін 300 мың адамның жалақысы артады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында орташа жалақы шамамен 160 мың теңге.
Бұл проблема болып саналады. Енді табиғи монополиялар саласы деп аталғанымен, онда қарапайым жұмысшылар жұмыс істейді: электр мамандары, құбыр тартатын жұмысшылар, жылу электр орталығының жұмысшылары, дәнекерлеуші, инженерлер, орта арнайы білімі бар мамандар және тағы басқа, - деді Әлібек Қуантыров ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Министр президент Жолдауы аясында саладағы жұмысшылардың жалақысын өсіру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Барлығы тариф пен өңірге байланысты. Мысалы, кейбір өңірлерде тариф 5%-ға, кейбірінде 10%-ға өсетін шығар. Сондықтан бәрін жеке-жеке қарау керек. Табиғи монополиялар саласындағы жұмысшылардың табысын арттыру жоспарда бар. Бұл 300 мың адамды қамтиды, - деді ведомство басшысы.
Еске салайық, осыған дейін Ұлттық экономика министрі табиғи монополия саласындағы жұмысшылардың айлығын арттыру жоспарланып отырғанын айтқан болатын.
«Табиғи монополиялар саласында «нақты» реформалар жүргізу талап етіледі. Осы саланы реттеудің жаңа тұжырымдамасы – «Тарифті инвестицияларға айырбастау» ұсынылады. Реформа аясында мүлік иелері есебінен салынатын инвестицияны ұлғайту, табиғи монополиялар және қоғамдық маңызы бар саладағы жұмыскерлердің жалақы деңгейін арттыру, одан әрі реттеуді табиғи монополиялар саласына озық инновациялар енгізуді ынталандыру жолымен жүзеге асыру және тағы басқа шаралар көзделген», - деген еді Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында.