Күніне 19 мың теңге төлейді: Ұлттық университетке түскен қандастар қонақүйде тұруға мәжбүр
Студенттер пәтерақыны төлеу үшін жұмыс істеп жүр
Нұр-Сұлтан қаласы Еуразия Ұлттық университетінде оқитын шетелдік қазақ студенттер жатақхана ала алмай жүр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Биыл студенттерге жатақханадан орын жетпегендіктен, пәтер жалдауға мәжбүр. Аты-жөнін атамауды сұраған Еуразия Ұлттық университетінің 3-крус студенті өзінің Моңғолиядан келгенін айтады.
Оның айтуынша, қазір астанадағы қонақүйдің бір бөлмесін жалдап тұрып жатыр. Жалдау құны – күніне 19 мың теңге.
«Моңғолиядан Қазақстанға оқуға келген этникалық қазақ студенттер қонақ үйде түнеп жүр. Себебі жатақхана берілмейді. Ал жалға алатын пәтерді шетел азаматына бермейді. Біз жатақхананың ақшасын жаз бойы өз елімізде жұмыс істеп немесе ата-анамыздан алып келеміз. Жұмыс істегіміз келгенімен, оқу визасы болғандықтан шетел азаматы ретінде жұмыс істеуге рұқсат жоқ», – дейді ол.
Оның айтуынша, жатақхана алу мәселесі қиындап, жылда қайталанатын жағдайға айналып отыр.
Ал Қытайдан келген Қуатбек Жәкейұлы осы университеттің 2 курс студенті. Жас отбасы пәтерге айына 110 мың теңге төлеп тұрады.
Оқудан тыс уақытта аудармашы болып жұмыс істейтін ол университет бағдарламасына үлгеру қиынға түсіп жатқанын атады.
«Өзім аудармашы болып қосымша жұмыс істеймін, әйтпесе жан бағу қиындап кетті. Жұмыс істеу оқуымызға кедергі келтіреді. Жұмыс істеймін деп жүріп бірінші курста жазғы семестрге қалып, 400 мың теңгені әлі жаба алмадым. Бос уақытымда үй тапсырмасын орындаймын ба, жұмыс істеймін бе, таңдау қиын. Жұмыс болмаса күн көру қиын. Бір баламыз бар. Оның үстіне жұбайым екеуіміздің Қазақстанда туған-туысымыз жоқ. Барлығы Қытайда қалған», – дейді Қуатбек Жәкейұлы.
Ол өзіне университеттен жатақхана берілмеуін былай деп түсіндірді.
«Басшылық жатақханаға тұру үшін әйелімнің де университет студенті болуы керектігін айтты. Ерте үйленгенімізді ешкімге бұлдап отырған жоқпыз. Оқып жүріп үйлену заңға қайшы емес қой. Бірақ жас отбасы ретінде біз сияқты студенттерге жеңілдік ретінде жатақхана берілгені дұрыс болар еді. Қаншама мұқтаж адамдар бар, ешкім құлақ аспайды», – дейді студент.
ЕҰУ Студенттер үйі дирекциясының директоры Мерей Ерболұлының айтуынша, жатақханаға 5 мыңнан астам студент мұқтаж. Университет басшылығы қосымша орындармен қамтамасыз ету шаралары жүргізіліп жатқанын айтып отыр.
Ал жатақхана мәселесін шешу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі жергілікті атқарушы органдардан ЖОО білім алушылары үшін қонақ үйлер мен хостелдерде тұру бағаларын реттеуді сұрайтын болған.
Айта етелік, бұған дейін Алматыда үй-күйсіз жүрген студенттердің метро мен вокзалды паналап жүргендігі туралы хабарлаған болатынбыз.
Оқу орындары арасында жатақханада тұру құынын екі есеге өсірген университеттер де бар. Мәселен, Сүлеймен Демирел атындағы университет жатақханасы былтыр жылына 360 мың теңге болса, биыл 724 мың теңгеге қымбаттаған.