×

Бір орынға 4 оқушыдан: Қосшыдағы «резеңке» мектептің дауы әлі шешілер емес

1200 орынға есептелген оқу орнында 4700 бала білім алып отыр

 Динара Амантай 08.09.2022 | 14:33
Фото: bilimdinews.kz

Елорда маңындағы Қосшы қаласында жергілікті 5 мыңға жуық оқушының барлығы бірдей білім алуы үшін білім ошағы үш ауысымда жұмыс істейді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Аstanatv.kz телеарнасына сілтеме жасап.

Аталмыш мектепте оқитын балалар кешкі сағат 9-дан кейін, қараңғы батқан уақытта сабақтарын аяқтауға мәжбүр. Осыған байланысты олардың ата-аналары балаларының денсаулығы мен қауіпсіздігіне алаңдап отыр.

Астананың іргесіндегі қалашықтың №2 орта мектебі мұнда алғашқы «Ы» сыныбы ашылғанда бүкіл елге танымал болған, яғни ол кезде балалар параллельді түрде бірден 26 бірінші сыныпта оқыды. Оқу орны 1200 орынға есептелгенмен, шын мәнінде мұнда 4700 оқушы білім алып отыр.

Біздің балалар 6 жылдан бері осы мектепте білім алып келеді. Биыл бірінші, ең болмаса екінші ауысымға ауысамыз деп үміттеніп едік. Бірақ өзгеріс жоқ. Себебі балалардың саны тым көп, орын тапшы, – дейді 6-сынып оқушысының анасы Гүлзат Құлжанова.

Ата-аналар осындай қарбаластықтың кесірінен балаларға білім толық берілмейтінін алға тартып отыр. Олар репетитор жалдағанмен, күрделі мәселе шешімін таба қоймағанын айтады. Бұған қоса балалар психикалық және физикалық тұрғыдан шаршайтынын жеткізді.

Кеше балалар мектепке 16:10-да кірді, ал үйге 22:00-де келді. Неге деп сұрасам, оқу кестесін, уақытын өзгертіп тастаған, – деді қала тұрғыны Айша Еркешева.

Шағымы көп ата-аналар кестені қысқартып, қосымша пәндерден ең болмағанда біраз уақытқа бас тарта тұруды сұрап отыр. Алайда мектеп басшылығы бұған келісе алмайтынын жеткізді. Себебі бекітілген оқу жоспары мен бағдарламаны қысқартып тастауға болмайды. Бар үміт Лесная поляна шағын ауданында салынып жатқан жаңа екі мектепте.

Жағдай қиын. 4700 бала, 180 сынып. Бізге де оңай емес. Мектепте 320 мұғалім бар. Біз барлық оқу жоспарын орындауға тырысып отырмыз. Акт залынан, кітапханадан оқу кабинеттерін жасауға мәжбүрміз, – дейді Қосшы қаласы №2 орта мектептің оқу жөніндегі директордың орынбасары Мұрат Хасенов.

Дегенмен мектеп басшылығының жауабы отқа май құйғанмен бірдей болды. Оқушылардың ата-аналары мәселені шешу үшін қаланың білім бөліміне қарай ағылды. Ал бұл жерде шенеуніктер  сабырға шақырғаннан басқа амалдары жоқтығын алға тартып отыр. Айтуларынша, қиындықты бір күнде шешіп тастау мүмкін емес, дегенмен ешкім құр босқа жүрген жоқ дейді олар.

Ата-аналармен сөйлестік, біраз мәселелер қаралды. Осы сұрақтардың барлығын мен білім басқармасымен талқылаймын. Осы мәселеге байланысты бірнеше күннің ішінде ата-аналарға жауабымды беремін, – деді Қосшы қаласы Білім бөлімінің басшысы Қанат Ахметов.

Сонымен бірге Білім басқармасы келесі жылы Лесная Полянада бірден екі мектеп – 1200 және 1500 орындық білім беру мекемесі салынатынын жеткізді. Бірақ Қосшы тұрғындары «Балалардың дәл қазір сапалы білім алуына құқығы бар» деп, мәселені жаңа, жеңілдетілген оқу кестесімен де шешуге болатынына сенімді болып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама