Ең көп несие алатындар 30-44 жас аралығындағы әйелдер

Айнұр Шошаева

Қазір 1,3 млн азамат қарыздарын қайтара алмай жүр

Коллаж: Halyq Uni

Биыл Қазақстанда екінші деңгейлі банктен несие алған ең егде адамның жасы 89 жасты құрады. Бұл туралы Бірінші несие бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Бірінші несие бюросының мәліметінше, 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, 7 млн 439 мың қазақстандықта несие (есептен шығарылғандарды қоспағанда және қалдығы нөлден жоғары) болған.  Оның ішінде 5 млн 624 мың адам ағымдағы қарызды төлеу мерзімін кешіктірмеген. 

«Кем дегенде бір несие бойынша 90 және одан да көп күн мерзімі өткен несие ұйымдарының клиенттерінің саны 1 млн 343 мың адамды құрайды», – деді мекеме. 

Бұған қоса, 2022 жылдың І жартыжылдығында жеке тұлғаларға берілген несиенің жалпы көлемі 4 трлн 865,5 млрд теңгені құрады. 

«Берілген несие көлемі бойынша Алматы қаласы көшбасшы: 762,6 млрд теңге (жалпы көлемнің 15,7%), екінші орында Нұр-Сұлтан қаласында 576,9 млрд теңге (11,9%). 2022 жылғы қаңтар-маусымда несие ең аз алған өңір Солтүстік Қазақстан облысы, 88,4 млрд теңге немесе жалпы республикалық көрсеткіштің 1,8%-ы», – деп қосты мекеме. 

Сонымен қатар Бірінші несие бюросы несие алушылардың жынысы мен жас ерекшеліктеріне тоқталды. Мекеменің хабарлауынша, Қазақстанда екінші деңгейлі банктер берген несиелердің төрттен бір бөлігін 30-44 жастағы әйелдер (25,1%) алған. Сонымен бірге, қарыз алушылардың  21,2%-ы 30-44 жас аралығындағы ер адамдарға, 4%-ы 22 жасқа дейінгі ерлерге, 3%-ы 22 жасқа дейінгі әйелдерге тиесілі.

Елімізде зейнет жасынан асқан несие алушылар да кездеседі, мәселен жалпы көрсеткіштің 4%-ы жасы 63-тен асқан азаматтар (ерлер – 1,2%, әйелдер-2,8%). 

«2022 жылы несие алған ең қарт клиенттің жасы 89 жасты құрайды. Қолданыстағы несиесі бар ең қарт қарыз алушы 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 92 жасқа толды. Қарыз алушының ең жас жасы – 18 жас», - деп толықтырды Бірінші несие бюросы.