Сенат төрағасы Астана атауын қайтару ұсынысына қатысты пікір білдірді
Бүгінде бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Нұр-Сұлтан қаласының атауын өзгерту мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Біз халықтың пікірін ескеруіміз керек. Халық пен қала тұрғындарының пікірі – ең негізгі фактор. Қазақстандықтардың не айтып жатқанын ескеріп, Мәжіліс депутаттары осындай бастаманы көтерді. Мұндағы ең басты мәселе – халық үні. Халық қолдаса, шешім шығаруымыз керек. Бұл жерде саяси ойын жоқ. Басты мәселе – халықтың пікірін ескеру», - деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Ол Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы бойынша өздерінің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сүйеніп, тек халық пікіріне құлақ асатынын атап өтті.
«Астана атауына қатысты шешім әлі қабылданған жоқ. Қазір талқылау процесі жүріп жатыр», - деді Сенат төрағасы.
Еске сала кетсек, бұған дейін депутаттар Астана атауын қайтаруды ұсынған еді.