Halyq Uni логотип
×

Әйелін аяусыз ұратын ер адамды қалай жазалау керек?

Жеңіл жазамен тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату мүмкін емес, дейді адвокат 

 Халық үні 07.09.2022 | 22:47
Әйелін аяусыз ұратын ер адамды қалай жазалау керек?
фото: baribar.kz

Президент соңғы жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді тапсырды. Ал ішкі істер министрлігі іле-шала заңға енгізілетін өзгерістерді жариялады. Оған сәйкес, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске бірқатар түзету енгізіліп, үйде жанжал шығаратындардың жазасы біршама күшейтіледі.

Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген танымал құқыққорғаушылар министрлік ұсынған өзгерістермен не себепті келіспейтінін айтты.

Министрлік қылмыс санын көбейткісі келмей ме

Ішкі істер министрлігі әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімінің төменгі шегіy белгілеуді ұсынып отыр. Мәселен, үйде жанжал шығарғандар, кем дегенде, 5 тәулікке қамалады. Ал осы тәртіпбұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, 25 тәулікке жауып тастайды.

Бұдан бөлек, полицияға арыз-шағымсыз әкімшілік хаттама рәсімдеуге рұқсат беріледі. Сотта татуласу рәсіміне қойылатын талаптар күшейтіледі. Министрлік тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша ескерту жасау шарасын мүлдем алып тастауға мүдделі. Оның орнына басбұзарларды бірден қоғамдық жұмыстарға салады. Олар көше тазалайды, жол салады және абаттандыру жұмыстарына тартылады.

Танымал адвокат Айман Омарованың ойынша, министрлік ұсынған өзгерістер қазіргі проблеманы шеше алмайды. Жеңіл жазамен тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату мүмкін емес.

Кез келген зорлық-зомбылықты қылмыстық жазаға қосу қажет. Бірақ министр олай істегісі келмейді. Неге? Себебі қылмыс статистикасы бірден көтеріліп кетеді. Демек, сотталған адамдар да көп болады. Қылмыстық істердің статистикасы бұзылмасын деп отыр. Бірақ соның салдарынан аса ауыр қылмыстардың саны көбейді. Мысалы, әйелін ұрған еркек 5-25 тәулікке қамалатынын біледі, түзеу жұмыстарынан да қорықпайды. Ондай адамды тоқтата алмайсыз, ол әйелін мүгедек қылады, я болмаса, өлтіріп тастайды. Ал кейбір әйел күйеуінің қорлығына шыдай алмай, өз-өзіне қол салады, - деді Омарова. 

"НеМолчиKZ" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі да түзеу жұмыстары басбұзарларды тоқтата алмайтынына сенімді. Өйткені заң бойынша жұмыс істейтін адамды қоғамдық жұмыстарға тартуға болмайды.

Түзеу жұмыстарына мемлекеттік қызметте, мәселен, прокуратура мен полицияда істейтін агрессорларды тарта алмайды. Оған ішетіндерді немесе жұмыс істемейтіндерді тартады. Себебі бізде заң бойынша ресми түрде жұмыс істейтін адамды қоғамдық жұмыстарға тартуға болмайды. Ол жұмысынан анықтама алып келеді, болды, сөйтіп, қоғамдық жұмыстан босатылады. Ішкі істер министрлігі бұл норманы білмейді емес, біледі. Олай болса, негізгі жұмыс қоғамдық жұмыстарды алмастыра алмайтындай түзетуді де енгізу керек, - деп атап көрсетті Таңсәрі.

Мүгедек қылса ғана түрмеге отырғызады

Қылмыстық кодексте денсаулыққа жеңіл, орташа және ауыр зиян келтіру баптары бар. Заң бойынша миы шайқалған және аяқ-қолы сынған адам ауруханада үш апта жатып шықпаса, дене жарақаты жеңіл санатқа жатқызылады.

"Бірақ бізде әйелдер ауруханаға жатпайды ғой. Аяқ-қолы сынса да, бармайды, өйткені қолында баласы бар, үйдің шаруасы қалып қояды. Олар ауруханаға бір рет барады да, қайтып келіп, үйде емделіп, жүре береді. Соттар оны бірде-бір рет ескерген жоқ. Бәрі қылмыстық істі, яғни, орташа немесе ауыр жарақаттың болғанын күтеді. Орташа жарақат болса, бәрібір бас бостандығын шектей салады. Сонда әйелін мүгедек қылған адамды ғана түрмеге отырғызады", - дейді "НеМолчиKZ" қорының жетекшісі.

Қор мамандары министрліктің арыз-шағымсыз іс қозғауға қатысты ұсынысын қолдап отыр. Сотта татуласуды да алып тастау қажет. Бірақ қамауға алу жазасын барынша күшейту керек.

Үйде жанжал шығарғандар, кем дегенде, 5 тәулікке қамалады дейді. Одан кейін 25 тәулікке жауып тастайды екен. Ал үшінші рет қайталанса, не болады? Министрлік оны жазбаған. Үшінші рет өліммен аяқталуы мүмкін ғой. Сондықтан басында бірден 20-25 тәулікке, ал екінші рет қайталанса, бір жылдан жоғары жаза беру керек. Сонда олар түрмеге бір жылға қамалатынын біледі, әйеліне қол көтеруге қорқады. Ондай тәжірибе шетелде бар, - деп атап көрсетті Таңсәрі.

Адвокат Айман Омарованың айтуынша, әйелдердің заң жағынан сауатын да ашу керек. Өйткені көбісі қайда барарын, тіпті, кімнен көмек сұрайтынын білмейді. Баласыз және баспанасыз қаламын деп қорқады.

«Ақшам жоқ, үйім жоқ, жұмысым жоқ дейді. Сондықтан қыздарды күйеуге шығуға емес, алдымен кәсіпке үйрету керек. Бұрын мектепте 9-сыныптан кейін тігіншіге немесе шаштаразға үйретуші еді ғой. Дәл солай кәсіпке үйреткен дұрыс. Ертең оқуға түспесе де, далада қалмайды, табыс таба алады. Осылайша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өзімен ғана емес, оның себептерімен де күресу керек», - деді Омарова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама