Шымкентте 50 жастағы ер адам әйелін көлікте пышақтап өлтірді (ВИДЕО)
Ол әйелінің денесін көлікке салып, қаланы аралап жүрген
Шымкентте ер адам өз әйелін өлтірді деген күдікке ілінді. Марқұмның анасы видеоүндеу жолдап, күйеу баласының жазадан құтылып кетпеуін талап етті. Әйелдің үндеуіне қалалық полиция департаменті пікір білдірді деп хабарлайды nur.kz.
Әйелдің видеоүндеуі Facebook желісінде жарияланған. Марқұмның анасының айтуынша, 31 тамыз күні күйеу баласы қызын пышақтап, кейін денесін көлікке салып, қаланы аралап жүрген.
Ол оны (марқұм-ред) мойын, жүрек тұсы мен тобық тұсынан пышақтаған. Полицияға күйеу балам қылмысты үш күн бұрын жоспарлағанын айтыпты. Ол қылмысты жасаған соң қызымның денесін көлікке салып, Шымкентті аралап жүрген. Кейін үйіне қанның ізін жасыру үшін келген. Сосын өз әпкесі мен анасына хабарласып, әйелін өлтіргенін хабарлаған, - деді марқұмның анасы.
Сондай-ақ әйел тергеуге қатысты бірнеше сұрағы бар екенін де жеткізді. Шымкент полиция департаменті жазба астына әйелге пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, 31 тамыз күні Әл-Фараби ауданындағы полиция бөліміне 50 жастағы азамат келіп, өз әйелін өлтіргенін мойындаған.
Оқиға орнына жеткен тергеу тобы қызғаныш себебінен ер адамның әйелін көлікте пышақтап тастағанын растаған. Әйел адам сол жерде жан тапсырған. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Күдікті Шымкент қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, - деді қалалық полиция департаменті.