Ақтөбеде зейнеткер мен немересін көлік қағып кетті
63 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды
Ақтөбеде көлік жүргізушісі зейнеткер мен немересін қағып кетті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Polisia.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, бүгін сағат 13:45-те Ақтөбе қаласының Қонаев – Құлымбетов көшелерінің қиылысында Nissan Almera автокөлігінің 35 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде 63 жастағы әйел мен кәмелетке толмаған немересін қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан әйел адам оқиға орнында көз жұмды, ал кәмелетке толмаған бала Ақтөбе қаласының балалар ауруханасына жеткізілді. Онда алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді.
Аталған факті бойынша қазір ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.
Жүргізуші Ақтөбе қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды.