Алматылық жігіт көшеде қыздарды қылғындырып тастап, тонап кете берген (ВИДЕО)

Еркеғали Болатұлы

Еш жерде жұмыс істемейтін 20 жастағы азамат қылмысын тек түнгі уақытта жасаған

фото: Тұрар Қазанғапов

Алматылық полицейлер қыздарды тұншықтырып, тонаған күдіктіні ұстады деп хабарлады Polisia.kz.

Алмалы аудандық полициясының хабарлауынша, еш жерде жұмыс істемейтін 20 жастағы А. есімді азамат қылмысын тек түнгі уақытта жасаған. Жолда жалғыз келе жатқан қыздарға жақындап, артынан тұншықтырып, содан кейін барлық бағалы заттарын алып кетіп отырған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 20 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны ұсталды. Қазір тонау бойынша үш деректі анықтадық. Бір эпизод бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Қыздар төтеп бере алмайтын жағдайға жеткен кезде, ол барлық құнды заттарды: ұялы телефондарды, ақшаны алып, қараңғы көшелерде тығылып қалады. Сондай-ақ қаскөй жәбірленушіден тартып алған ақшамен дүкенде төлем жасап жатқан дерек те тіркелді. Жас жігіт өз ісін мойындады, - деді Алмалы аудандық Полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.

Оның айтуынша, қазір күдіктінің қала аумағында осыған ұқсас, бұрын жасалған қылмыстарға қатысының бар-жоғына тексеріліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары да жүргізілуде.