Шардарада балаларды қорлаған тәрбиешінің ісі полицияға тапсырылды (ВИДЕО)
Ол ұл баланы басынан ұрғылап, қыздардың бірін екінші қызды итеріп жіберіп, «кек алуға» мәжбүрлеген
Әлеуметтік желіде Шардарадағы жеке меншік балабақшалардың бірінде түсірілген видео жарияланды. Кадрдан тәрбиешінің балаға қол көтергенін көруге болады.
Мәлім болғаны, тәрбиеші ұл баланы басынан ұрғылап, қыздардың бірін екінші қызды итеріп жіберіп, «кек алуға» мәжбүрлеген.
Мен ұрыссам жарасады. Сенің қандай хақың бар? Неге ұрасың біреудің қызын? Сен де итеріп жібер. Қатты итер! – дейді тәрбиеші видеода.
Бұл оқиғаға қатысты пікір білдірген Түркістан облыстық білім басқармасының өкілі 5 қыркүйекте белгілі болған бұл жағдайды алдын ала тергеу амалдарының жүріп жатқанын айтты.
«Шардара қаласында орналасқан жекеменшік балабақшадағы тәрбиешінің баланы ұрғаны жөнінде Whatsapp әлеуметтік желісіндегі бейне жарияланым бөлімге 2022 жылдың 5 қыркүйегі күні сағат 14:00 шамасында түскен. Түркістан облысы Шардара ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі арнайы комиссия тобын құрып, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде баланы ұрған тәрбиешісі екені белгілі болды. Бөлім тарапынан 05.09.2022 жылғы №06/10-4/234 санды хатпен Шардара ауданының полиция бөліміне тиісті жұмыстарды жүргізуге ықпал жасау жөнінде хат жолданды», – делінген хабарламада.