Полицейлер жүкті әйелді патрульдік көлікте босандырып алды

Динара Амантай

Анасы мен жаңа туған сәби дереу ауруханаға жеткізілді

Фото: polisia.kz

Алматы облысының полицейлері жүкті әйелді патрульдік көлікте босандырып алды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Polisia.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 7 қыркүйекке қараған түні Қарасай аудандық ПБ ППР қызметкерлері жүкті әйелге көмек көрсетті. Тәртіп сақшылары толғағы қысқан әйелді перзентханаға барар жолда патрульдік көлікте босандырып алды.

Оқиға Алматы-Боралдай-Жібек жолы автожолының 16 шақырымында болды. Ер адам патрульдік полиция қызметкерлерін тоқтатып, жүкті әйелін ауруханаға жеткізуін өтінген. Жол бойында әйелді толғақ қатты қысып, полиция қызметкерлері оны босандырып алуға мәжбүр болған. Алғашқы көмек көрсетілген соң, анасы мен жаңа туған сәби дереу ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлерге тапсырылды, – деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Дәрігерлер тәртіп сақшыларының арқасында қайғылы оқиғаның алдын алынғанын жеткізді. Жаңа туған нәрестенің ата-аналары өз кезегінде полицейлерге жеделдік пен көмек үшін алғыс білдірді.