Атырауда NSS компаниясының 40 қызметкері жұмысқа шықпай қойды

Айнұр Асылбекқызы

Олар жалақысын 50 пайыз өсіруді талап етіп отыр

фото: Halyq Uni

Атырауда «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС-ның 40-тан астам жұмысшысы жалақысын 50 пайызға көтеруді талап етті. Олар бұл талапты басшылықтың алдына бірнеше рет қойған. Алайда, нәтиже болмаған соң 11 ақпан күні наразылық білдіріп, жұмысқа шықпай қойды.     

Компания жұмысшылары вахталық әдіспен жұмыс істейді. Айтуынша, 220 мың теңге айлық жалақы вахтадағы еңбектен кейінгі 60 күн демалыс уақытында ештеңеге жетпейді. Қазір олар Атырау мұнай өңдеу зауытының тапсырысымен кәріз суын ағызуға арналған зауыт маңындағы булану алаңын қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатыр. Жоба құны 2 млрд 600 миллион теңге. Экологиялық таза аумақта еңбек етіп жүрген құрылысшылардың ең төмен табысы сағатына 632 теңге, ал ең жоғарысы 750 теңгені құрайды екен.

Компания қызметкерлерінің бірі Тоқтар Бақбергенұлы жалақыны көтеруге басшы уәде бергенін, алайда, әлі сөз жүзінде қалып отырғанын айтады. Азық-түлік бағасы қымбаттап, кейде тіпті, жұмысқа кері бару үшін жолға ақша таппай қиналатынын кездері болады екен.

Осы компанияда 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тағы бір қызметкер Асылан Мұхамедияров өздерімен бірдей қызметті атқарып отырған шетелдік жұмысшылардың алатын жалақының арасында айырмашылық барын айтады.

Украинадан келген шетел азаматтары да сол біз істейтін жұмысты атқарып отыр. Ал олар 900 мың теңге алады. Әділдік қайда? - дейді ол.

Компания басшылары компанияның наразылық танытқан жұмысшылармен екі жыл бұрын жасалған келісімшартқа сәйкес жалақы төлеп отырғанын айтады.  

«Біз бұл жобада жалақыны бір пайызға да көтере алмаймыз. АНПЗ тарапынан да, НСС тарапынан да. Бұл туралы жұмысшыларға әуелден ескертілді», - дейді «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС директоры Рашид Отаров.

Жалақысын көтермесе жұмыстан шығатынын айтқан наразы топқа компания басшылығы өз еркімен арыз жазуды ұсынды.

Сендер кетіп қалды екен деп мекеме қисайып қалмайды. Вахатаның бітуіне 2-3 күн қалды. Абыроймен бітіріп кетулерің керек еді, — деді ол жұмысшыларға.

Басшылыққа базынасын айтқан жұмысшылардың айлық еңбекақысы 200-250 мың теңге. Тіпті, олардың бір бөлігі жұмыстан шығып та кеткен.