×

Мамин «Qazaq Geography» бірлестігінде тегін жұмыс істеп жүр

Бұрынғы премьер-министрдің қазір қайда жүргені белгісіз

 Ая Өміртай 07.09.2022 | 12:43
Сурет: ашық дереккөзден

Қаңтардан соң отставкаға кеткен экс-премьер Асқар Мамин ұзақ уақыт ел алдында бой көрсетпеді. Қызметінен кеткен соң «Qazaq Geography» үкіметтік емес ұйымының төрағасы қызметінде қалған Асқар Ұзақбайұлының қазір қайда жүргені белгісіз.

Осы орайда Halyq Uni «QazaqGeography» РҚ бірлестігіне ресми сұрау жолдап, экс-премьер министр кеңсеге күнделікті жұмысқа келе ме, жалақы ала ма деген сауал жолдады.

Бірлестіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Асқар Ұзақбайұлы 2024 жылға дейін бірлестіктің төрағасы болып алты жылға сайланған. Ал «Мамин бірлестіктен жалақы ала ма?» деген сауалымызға ұйым оның тегін жұмыс істейтінін атады.

Бірлестік жарғысының 9.5-тармағына сәйкес, бірлестік төрағасы қызметін ақысыз негізде жүзеге асырады. Бірлестік төрағасы бірлестіктің қызметкері болып саналмайды. Сол себепті жұмыс уақыты режімі қолданылмайды және ол бірлестік кесесіне өзінің жеке кестесі бойынша барады, – делінген ресми жауапта.

«QazaqGeography» РҚ бірлестігінің өңірлерде жұмыс істейтін 12 өкілдігі бар. Қазір «Шарын» және «Алтын Емел» ұлттық парктерінде экологиялық туризмді дамыту жобасымен айналысып жатқанын хабарлады. Қоғамдық бірлестік мәлімдегендей, атқарылатын жобаға қажетті қаржы инвесторлар мен гранттар есебінен жүргізіледі.

Бұрынғы премьер-министрдің функционалдық міндеттеріне бірлестік органдары арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, өкілдік функциялар, жобалар мен жұмыс жоспарын бекіту кіреді.

Көптен ел көзінен тасада жүрген Мамин қаңтардан соң алғаш рет Нұр-Сұлтан бас мешітінің ашылуында көрінген еді. Бұдан соң 6 қыркүйек күні астанадағы мейрамханалардың бірінде Нығматуллин, Әділбек Жақсыбеков және Мамин бас қосқан фотосурет әлеуметтік желіге таралып кетті.

«Үшеуі құпия жоспар ойластырып отыр ма?» деген әлеуметтік желідегі жұрттың қызу талқысынан соң, көп кешікпей Мамин өзі де түсініктеме беріп, фотосуреттің «сырға салу» кезінде түсірілгенін айтып, жауап берді.

Баспасөз беттерінде Маминнің туыстары дәулетті екені және жақын туыстары шетелде бизнес атқаратындығы айтылған. Ал Маминнің күйеубаласы Ардақ Балтабековтің «Ақмола вагон жөндеу зауытының» ірі акционері әрі директорлар кеңесінің төрағасы болды. Ақпаратты қосымша нақтылауға зауыттың ресми сайтында көрсетілген байланыс нөміріне хабарласу мүмкін болмады.

Айта кетелік, аталған бірлестікке қаңтардан соң қамауға алынған ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің де қатысы бар. Ол бірлестіктің қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып 2019 жылы 5 жылға сайланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама