Halyq Uni логотип
×

ІІМ көліктерді заңдастыруға қатысты мәлімдеме жасады

Министрлік қандай көліктер заңдастыруға жатпайтынын айтты

 Динара Амантай 07.09.2022 | 11:34
ІІМ көліктерді заңдастыруға қатысты мәлімдеме жасады
Фото: Halyq Uni

Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында Үкіметке осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін елімізге әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруды тапсырды. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі қандай көліктер заңдастыруға жатпайтыны туралы мәлімдеді,  деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Polisia.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы тіркеу және утилизацияға жіберу үшін төлем құны 200-250 мың теңгеден аспауы тиіс екенін атап өтті.

Министрліктің мәліметінше, қазір уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар заңнамалық актілерге азаматтарға әкелінген шетелдік автокөліктерін өздері үшін қолайлы жағдайда заңдастыруға мүмкіндік беретін түзетулер енгізіп, сондай-ақ оны жүргізу тетіктерін әзірлеп жатыр.

Бұған қоса 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға әкелінген (кірген) барлық көлік құралдары бойынша Ішкі істер, Мемлекеттік кірістер және Ұлттық қауіпсіздік органдары (Шекара қызметі) арасында ақпарат алмасу мәселелері пысықталғаны белгілі болды. Мұндай автокөліктер туралы мәліметтерді ІІМ белгіленген мерзімнен кейін әкелінген автокөліктерді заңдастыруды болдырмау үшін жинақтайды.

Биыл 1 қыркүйектен кейін Қазақстанға әкелінген автокөліктерден басқа криминалдық есеп бойынша іздеуде жүрген, заңдық немесе сот тарапынан шектеулері бар, бұрын тіркелген елдегі есептен белгіленген тәртіппен алынбаған, басқару органдары оң жақта орналасқан, сондай-ақ тіркеуден немесе толық кедендік тексерістен өтпеген, иелерінің тіркеу және құқық белгілейтін құжаттары жоқ автокөліктер заңдастыруға жатпайды, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ «криминалдық» автокөлікті тіркеуді болдырмау мақсатында көлік бойынша ақпарат бұрынғы тіркелген елдердің құқық қорғау және кеден органдарымен салыстырылатын болады.

Бұған қоса ведомство өкілдері азаматтарды Қазақстанда автокөлікті тіркеу және пайдалану мүмкіндігі үшін автокөлік сатып алу кезінде заңнаманы сақтауға, олардың заңды «тазалығын» міндетті түрде тексеруге шақырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама