Halyq Uni логотип
×

Алматыда 7 мыңнан астам студент хостелдерге орналасады

Қалада 35 жоғары оқу орны болса, сонда 180 мың студент оқып жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 06.09.2022 | 16:52
Алматыда 7 мыңнан астам студент хостелдерге орналасады
фото: voxpopuli.kz

Осы күндері Алматыда Ғылым және жоғары білім министрлігі мен қала әкімдігі жатақханалардың орын тапшылығы мәселесін шешу мәселесімен айналысып жатыр.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев айтты.

Оның айтуынша, студенттердің 30 пайызы жатақханамен қамтамасыз етілген. Тағы 30 пайызы баспана жалдап жатса, студент-жастардың 40 пайызы туыстары мен жақындарының үйінде тұрып оқып жатыр.

Біз қала әкімдігімен бірлесіп студенттер үшін хостел, қонақүйлердің иелерімен келісім жасастық. Соның нәтижесінде қазір 7 мыңнан астам студентке орын табылып, олар сонда орналасып жатыр. Мысалы, Абай атындағы ҚазҰПУ 4 хостел басшыларымен кездесіп, мыңнан астам студенттің тұруына мүмкіндік жасады, –  деді Қуаныш Ерғалиев.

Сонымен бірге ол мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында соңғы үш жылда жатақханалардың көптеп салынып жатқанын атап өтті.

Былтыр елімізде шамамен 49 жатақхана салынды. Биыл 40-қа жуық жатақхана салынады деп жоспарланды. Бұл, студенттер үшін қосымша 10 мыңнан астам төсек-орын болады деген сөз. Президент өз жолдауында да осы мәселені көтеріп, бізге тиісті тапсырма берді. Қазір осы мәселе бойынша инвесторларды тартып жұмыс істеп жатырмыз. Қысқасы, қазір елімізде жатақханаларда орын тапшылығы мәселесін шешу жұмыстары жүріп жатыр, –  деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Оның айтуынша, еліміз бойынша студенттердің 30 пайызы Алматыда оқиды.

Алматыда шамамен 35 жоғары оқу орны болса, сонда 180 мың студент оқып жатыр, –  деді ол.

Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі Алматыда студенттер далада қонып жүр деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама