×

Биыл оқуға түскен 137 бала білім грантынан айырылды

Ережелерді бұзғаны үшін тестілеу кезінде аудиториядан 322 адам шығарылды

 Динара Амантай 06.09.2022 | 16:25
Фото: ru.sputnik.kz

Бейнежазбаларды қайта қарау қорытындысы бойынша биыл грантқа ілінген 137 талапкердің ҰБТ нәтижесі жарамсыз деп танылды. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Instagram-дағы парақшасында жазды.

ҰБТ-2022 аяқталды, бірақ оның бейнежазбаларын тексеру әлі де жалғасып жатыр! Қазіргі таңда бейнежазбаларды қайта қарау қорытындысы бойынша 153 тестіленушінің ҰБТ нәтижелері жойылды, олардың 137-сі білім беру грантының иегері болған еді, – деп жазды Руслан Емелбаев.

Оның айтуынша, аталған талапкерлердің бәрінің грант туралы куәліктері жарамсыз деп танылған. Ал олқылыққа жол берген Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлерінің үстінен тексеріс жүргізіліп, тиісті мемлекеттік органдарға хаттар жолданып жатыр.

Оның мәліметі бойынша, биыл 327 түлек тестілеуге кіргізу кезінде тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылған. Ережелерді бұзғаны үшін тестілеу кезінде аудиториядан 322 адам шығарылды.

«Құрметті 2023 жылғы талапкерлер! Міне, сіздер үшін жауапты кезең басталды.Себебі алда емтихандар мен ҰБТ тапсырасыздар. Сіздер білімдеріңіз бен еңбектеріңіздің арқасында ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсетіп, алдыңғы буынның қателіктерін қайталамайсыздар деп сенеміз», – деп жазды орталық директоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама