Түркістан тұрғыны 75 млн теңге қарыз алып, құмар ойынға жұмсаған
Сол себептен жігіт үйінен қашып кеткен
Түркістан полицейлері 75 млн теңгеге қарыз болып, жоғалып кеткен жігітті тапты.
Төлеби АПБ-ға Ленгер қаласының тұрғыны арызданды. Оның айтуынша, жасы 30-ға жуықтаған ұлы үйінен белгісіз бағытқа шығып, қайта оралмаған. Сондай-ақ анасының өз баласын іздеп жүргеніне төрт тәулік болған. Алайда іздеу жұмыстарынан нәтиже шықпаған соң, сақшыларға хабарласқан.
Төлеби АПБ қызметкерлері хабарлама түсе салысымен тез арада әрекет етіп, оқиға орнына жетті. Жоғалған ер азаматты табу мақсатында қажетті деп танылған барлық жедел-іздестіру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізді. Қала көшелерін тексеріп, фотосуретін көрсету арқылы тұрғындар арасында сұрастыру жұмыстарын жасады. Республика көлемінде тәртіп сақшыларына бағыттамалар жолданып, жоғалған жігіттің айрықша белгілері хабарланды. Жақындары мен туыстары, таныстары мен баруы мүмкін жерлер мұқият тексерілді. Іздеу жұмыстарына Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция, жедел уәкілдер мен патрульдік полицейлер жұмылдырылды.
Осылайша іздеу жұмыстарына бір апта уақыт жұмсалды. Нәтижесінде, Түркістанның тәртіп сақшылары жоғалған жігітті Алматы қаласында жүрген жерінен тапты.
Белгілі болғандай, табылған жігіт өзінің таныстарынан 75 миллион теңге қарызға алып, оны құмар ойынға жұмсап жіберген. Ол өз сөзінде қарызға алған ақшаларын қайтара алмағандықтан, Алматы қаласына қашып кетуге мәжбүр болғанын жеткізді.
Орта жастағы азамат жақындарымен аман-есен қауышты. Ұлы табылғанына қуанған ана сақшыларға ризашылығын білдірді.
Баламның із-түзсіз жоғалып кеткеніне бірнеше күн болды. Өзіміз іздедік, таба алмадық. Содан полицияға хабарластық. Ал олар баламды дер кезінде тауып берді. Тәртіп сақшыларына үлкен рақметімді айтамын, – деп көзіне жас алды ана.
Бұған дейін құмар ойынға әуес бір қазақстандықтың орташа қарызы 10 млн теңге екені айтылған еді. Елімізде құмар ойынға әуес адамдар саны 350 мыңнан асты.