Сот оған 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады
Шымкентте мектеп қызметкері білім ошағына тиесілі ноутбуктер мен компьютерлерді сатып жіберген.
Құмар ойынға салынған 28 жастағы жігіт 150 ноутбук пен 8 компьютерді ломбардқа арзан бағада өткізіп, олжасын букмекерлік кеңселерге салып келіпті. Бұл істі Әл-Фараби аудандық соты қарады.
Сот төрағасының мәліметінше, қылмыс биыл қаңтар айынан басталып, мамырға дейін жалғасқан. Ол мектептің мүлкін шетінен жасырын алып шығып отырған. Соның салдарынан мектепке жалпы сомасы 35 млн теңгеден аса материалдық шығын келген.
Жайынбаев ҚК 189-бабының 4-бөлігі, 2-ші тармағымен кінәлі деп танылды. Яғни «Сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде жымқыру» деген бап бойынша кінәсін толық мойындады. Шын ниетпен өкінді. Алайда келтірген шығынды қайтарған жоқ. Сол себептен осының бәрін ескере келе, сот оған осы баппен 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, - деді аудандық сот төрағасы Еркебұлан Төлешов.
Ал А. Асқаров атындағы №77 мектеп-лицейдің директоры Толқын Аюбаеваның айтуынша, ұжым жәбірленуші ретінде мемлекет мүлкін түгел қайтаруды талап етіп отыр екен.
Жалпығ бұл мектепке пандемия кезінде 400-ден аса ноутбук алынған. Ал сотталушы онда жұмыспен қамту бағларламасы арқылы орналасып, жабдықтау жөніндегі инженер болған. Лицей директоры осынша компьютердің қолды болғанын оқу жылының соңында мектеп мүлкін түгендеу кезінде бір-ақ анықтапты.