Аймақта 11 мектеп үш ауысымда білім беруде. Тағы 4 білім ордасы апатты жағдайда тұрса да оқушыларды қабылдаған
Атырауда 3 ауысыммен оқитын мектеп оқушыларының ата-аналары шу шығарды. Олар білім ордасы жаңа оқу жылына мүлдем дайын емес деп отыр, деп хабарлайды «Астана» арнасы.
Ата-аналар балаларының кешкі 8-ге дейін білім алуына қарсы. Өзге мектептер секілді 5 күндік білім беруге көшсін деп талап қойды.
Нөмірі 2-ші Жұмекен Нәжімеденов атындағы орта мектеп ата-аналарынан, жаңа оқу жылы басталғалы маза кеткен. Айтуларынша, білім ордасы оқушыларына жағдай жасамай отыр. 3 ауысыммен оқытатын мектепте, соңғы ауысымға бастауыш сыныптарды қойып қойған. Ата-аналар түн жарымда тарайтын балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы.
«Көшеде ешқандай жарық жоқ. Көшеде қаңғыбас иттер бар деген сияқты. Төменгі сыныптың балаларының мінетті түрде қасында біреу жүру керек», – дейді ата-ана Альмира Қамзанова.
«Үшеуін мектепке әкеліп жүруге уақытым да жоқ. Қайта-қайта жұмыстан сұрануым керекпін. Балалар өздері қашық жерде орналасқасын мектеп, өздері келе алмайды. Сондықтан қиындау болып тұр. Сол үшін бүгін жиналдық бес күнікке балаларды ауыстырсын деп талап қойдық», – дейді ата-ана Ләйлә Ыбырайқызы.
Бұқара білім ошағы оқу жылына дайын болмай шықты дейді. Мектепке келіп базыналарын айтыпты. Бірақ тындар басшы таппаған.
«Бірінші күннен бастап физика мұғалімі жоқ. Ол сұрақты да көтеріп жатырмыз: "негізгі пәндер басталып жатыр, неге мұғалімер жоқ деп. Екінші сұрақ 6 күн оқу балаларға қиындау. Өйткені балалар қосалқы сабақтарға барады, мектептен тыс және спортпен де айналысады», – дейді ата-ана Ақмаржан Бисенғалиева.
«Бұған дейін мектеп директорымен, орынбасарымен сөйлестік, қалалық білім бөлімі басшысына да бардық. Ешқайсысынан нақты жауап ала алмадық. Сосын облыс басшыларына айтуға тура келді. Қазір әлі жағдай түсініксіз», – дейді ата-ана Айжан Елшібаева.
Бұл мектеп 600 балаға арналған. Алайда қазір бала саны одан бірнеше есе артық көрінеді. Жақында ғана тағайындалған аймақтың бас ұстазы жағдайдан хабардар. Бірақ үш ауысымды алып тастауға қауқарсыз екендерін жеткізді.
«Жоғары сыныптар 5 сыныптан бастап басқа кластың оқушылары үшін мүмкіндік табу мүмкін емес. Өйткені бұл мектептің қуаттылық 600 балаға есептелген болса, әрбір мектепте 2000-ға жуық бала оқып жатыр. Сондықтан бұл жердегі өзекті мәселенің шешу жолы мектеп салынған жағдайда ғана шешіледі», – дейді Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуақасова.
Ата-аналар шуынан соң бастауыш сынып оқушыларын бес күндік оқуға ауыстырды.
Айта кетейік, аймақта 11 мектеп үш ауысымда білім беруде. Тағы 4 білім ордасы апатты жағдайда тұрса да оқушыларды қабылдаған.