Көпбалалы аналармен жанжалдасқан елордалық депутат қайырымдылық жасауды тоқтататынын мәлімдеді

Айнұр Шошаева

G-Park компаниясының басшысы 20-дан астам көпбалалы отбасыға пәтер берген

скриншот: видео

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты, G-Park құрылыс компаниясының басшысы Ғабит Сәтмағамбетов көпбалалы аналармен болған жанжалдан соң аталған санаттағы отбасыларға қайырымдылық жасауын тоқтататынын мәлімдеді.

Әлеуметтік желіде елордалық мәслихат депутаты Ғабит Сәтмағамбетов пен көпбалалы аналар арасында болған жанжалдың видеосы жарияланды. Онда халық қалаулысы дөрекі сөйлеген көпбалалы аналарды балағаттаған.

Кейінірек депутат көпбалалы аналар жеке басына өтіп, тіл тигізгенін жазды.

Бұл әйелдердің жиі жанжал шығарумен аты шыққан көпбалалы аналар екенін білдім. Оларға қарап, көмекке мұқтаж деп ойламайсыз. Жалпы, менің жеке қабылдауымда болып, пәтер сұрайтын көпбалалы аналар өте момын, айтар сөзін ой елегінен өткізіп алады. Тіпті, арасында жылап та алады, - дейді депутат.

Құрылыс компаниясының басшысы 20-дан астам елордалық көпбалалы отбасыға пәтер берген. Сондай ақ азық-түлік себеттері, материалдық көмек, жөндеу жұмыстары, тұрмыстық техника сатып алу, мүгедек балаларды оңалту және т.б. қайырымдылық көрсетіп келген.

«Бүгінгі оқиға менің өз ұстанымдарымды қайта қарауға және мұқтаж адамдар санатын мұқият бағалауға мәжбүр етеді. Ешкім мені пайдалана алмайды. Сондықтан ресми мәлімдеме жасап отырмын: мен, Ғабит Сатмағамбетов, қайырымдылық қорының иесі ретінде, көпбалалы аналарға қатысты қандай да бір қайырымдылық көмекті тоқтатамын. Маған осындай қарым-қатынастан кейін көмектесуге деген құлшыныс қалмады», - деді ол.