Есжан Бақытов алда-жалда қайғылы жағдай болса, әйелін босандырған гинекологтың үстінен арыз жазатынын жеткізді
Елордалық Есжан Бақытовтың жары қазір №1 қалалық ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр. Осыдан бір апта бұрын оның жары Гүлдана сол ауруханаға қарасты перзентханада босанған. Сәбиі дін аман, алайда бір күннен соң келіншегінің дене қызуы көтеріліп, қол-аяғы ісініп кетіпті. Оны қалыпты жағдай деп қабылдаған жас жұбайлар үш күннен соң ғана дәрігерге жүгінген.
Оның айтуынша, жаңа босанған әйелге қызмет көрсету үшін гинеколог ақша «дәметкен» көрінеді. «Қалағаныңызды береміз» дегеннен кейін ғана толғатып жатқан әйеліне көңіл бөлген. Кейін әйелі босанған соң 10 мың теңгені банк картасына аударып жіберген.
«Перзентханадан шыққанда келіншегім ішінде бір сұйықтық қалқып жүргенін айтты. Кейін қан кеткені анықталды. Солай болуы керек шығар деп ойладық. Үйге келген соң бір күннен кейін денсаулығы нашарлап, жүруден қалды. Дәрігерлер босанар кезінде селқос қарады, одан соң толығымен тексермеді. Салдарынан қазір жұбайым жансақтау бөлімінде жатыр», - деп ашынады Е.Бақытов.
Перзентханаға қайта барғанда басшылық екі жастың өздерін кінәлапты. Есжан болса «алғаш сәбиіміз, дене қызуы көтерілсе, бірден жедел жәрдем шақыртыңыз» деп ешкім айтпады деп отыр. Дәрігерлер әу баста дұрыстап тексергенде бұлай болмасын айтып отыр екен.
Ота жасады, әйелімнің жатырын алып тастапты. Біз көпбалалы боламыз деп армандаушы едік. Жағдай қиын. Бастысы, келіншегімді аман алып қалса екен, - дейді Есжан.
Осы мәселені әлеуметтік желіге жазып, БАҚ өкілдерінен көмек сұрағанда аурухана қызметкерлері желідегі жазбасын өшіруді талап етіпті. Есжан өлім мен өмір арасында жатқан жұбайы үшін алаңдаулы. Біз Нұр-Сұлтан қаласы №1 қалалық ауруханасының бас дәрігері Марат Абдуовтен науқас Гүлдананың жағдайын сұрап, хат жаздық. Алайда бас дәрігер хабарламамызды оқыса да, еш жауап қатпады. Артынша көмекшісі хабарласып, жауап бермейтінін жеткізді.
Есжан Бақытов алда-жалда қайғылы жағдай болса, әйелін босандырған гинекологтың үстінен арыз жазатынын жеткізді. Ол жағдай ушығатын болса, істі соңына дейін жеткізетінін айтты.