Тасжолда орналасқан 3 тамақтану орны өртеніп кеткен
Қостанай облысында өрттен зардап шеккен адамдарға көмек көрсету және залал көлемін есептеу үшін штаб құрылды, деп хабарлайды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы.
Ақпарат күн сайын жаңарып тұрады. Залалды бағалау үшін сараптамалық комиссия жіберіледі. Ресми деректер мен нақты залал арасында айырмашылық болған жағдайда зардап шеккен бизнеске нақты залал бойынша өтем жасау үшін қаржылай көмек жинау ұйымдастырылады, – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов.
«Күшіміз бірлікте» қорымен қаражат жинау және зардап шеккендерге төлем жасау бойынша келісім жасалған.
Өрттен зардап шеккендер және көмек бергісі келетіндер ҰКП байланыс орталығына 1432 және ӨКП қызметкерлеріне хабарласа алады:
+ 7 777 037 77 78 , +7 705 153 91 07, +7775 963 10 00.
Алдын ала деректер бойынша бүгінде облыста тасжолда орналасқан 3 қоғамдық тамақтану нысаны өртеніп кеткен. Оның біреуі жұмыс істемеген.
«Атамекен» ҰКП зардап шеккен кәсіпкерлерден мүмкіндік болған жайғайда бүлінген орынды фото және видеоға мұқият түсіріп алуды сұрайды. Бұл дәлел жинап әрі қарай көмек алу үшін керек болады.
Құрметті кәсіпкерлер, өрт ауыздықталмай, өмірге қауіп төнетін орынға барудан аулақ болыңыз. Мүмкіндік болған жағдайда ғана фото-видеоға түсіріңіз, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ штаб зардап шеккен тұрғындарға да көмектеседі.
«Бизнес өкілдерін көмек беруге шақырамыз. Өңірлерде зардап шеккен халыққа киім және азық-түлік жинау жарияланды. Әр өңірде жұмысты өңірлік кәсіпкерлер палаталары үйлестіреді. Ал азық-түлік, жылы киім Қостанай облысына жөнелтіледі», – деді Мақсат Қиқымов.