Орманға әдейі от қойғандар 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады – ІІМ
Аталған әрекет ауыр қылмыстар санатына жатады
Орманды қасақана жою немесе зақымдағаны үшін мүлкін тәркілей отырып, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің басқарма басшысы Ермек Шүлден мәлімдеді.
Ішкі істер министрлігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ормандарды жою немесе зақымдағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Орман қорына кіретін және кірмейтін ағаштар мен бұталарды өрт қою арқылы немесе қоқыспен ластап, өзге де әрекетпен қасақана жою немесе зақымдау ҚР Қылмыстық кодексінің 341-бабымен сараланады. Аталған әрекет ауыр қылмыстар санатына жатады және ол үшін мүлкін тәркілей отырып, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – деді Ермек Шүлден.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қостанай облысындағы өртке байланысты 3 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған едік.
Сонымен бірге жыл басынан бері Қазақстанда 394 орман және 22 дала өрті тіркеліп, 1165 адам жазаланғаны туралы жаздық.