Кейбір айырбастау пункті терроризмді қаржыландыру үшін пайдаланылады
Қаржылық мониторинг агенттігінің пікірінше, бақылауды барынша күшейту керек
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 500 мың теңгеден астам сомаға валюта айырбастау кезінде айырбастау пунктері клиенттен жеке басын куәландыратын құжатты және тұратын мекенжайын талап етуі тиіс. Егер операциялардың сомасы 500 мың теңгеге дейін болса, клиент тек жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады.
Бұл талаптар не үшін қажет? Бұл талап қылмыстық кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл элементтерінің бірі саналады. Алайда, Қазақстанда барлық айырбастау пункті бұл ережелерді сақтамайды. Яғни өз клиентін сәйкестендірмейді, – дейді Қаржылық мониторинг агенттігі.
Кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң айырбастау пунктерін клиенттерді сәйкестендіріп қана қоймай, ішкі бақылау қағидаларын әзірлеуге және бекітуге, терроризмге байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесін қадағалауға, сондай-ақ күдікті операциялар туралы Қаржы мониторингі агенттігіне хабарлауға міндеттейді.
Күдікті операцияларға қолма-қол ақшаның ірі сомаларын тұрақты айырбастау, үшінші тұлғалардың қатысуымен валюта айырбастау, сыртқы келбеті күдікті адамдардың, терроризмді қаржыландыру тәуекелі жоғары елдерден келген шетел азаматтарының валюта айырбастауы жатады.
Алайда Қазақстанда қаржы операциялары туралы деректерді жинау жүйесінде тіркелмеген айырбастау пунктері де бар. Оларға – «Royal валюта» ЖШС, «NURALI exchange» ЖШС, «МиК» ОП ЖШС, «Лидер Эксчейндж» ЖШС, «Константа-А» ЖШС, «Семей Валюта» ЖШС, «Ромик» ЖШС, «Ай-Ару и К» ЖШС, «I' asi 'na-Qazyna» ЖШС, «ТЕНГРИЯ» ЖШС жатады. Қаржылық мониторингі агенттігі жоғарыда көрсетілген айырбастау пунктерін WEB-СФМ порталында дереу тіркелуге және заңнама талаптарын сақтауға шақырады.
Кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңның талаптарын орындамау, оның ішінде күдікті операциялар туралы хабарламаларды жібермеу кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қатысу ретінде бағалануы мүмкін және заңнамада көзделген, айырбастау операцияларын жүзеге асыруға лицензияны қайтарып алуға дейінгі жауапқа әкеп соғады. Ұлттық банк 2021 жылы 134 айырбастау пунктін жауапқа тартты.
«Қолма-қол ақшаның үлкен мөлшері көп жағдайда оның қылмыстық көзі туралы куәландырады. Осыған байланысты айырбастау пунктерінің барлық иесін Қаржылық мониторинг агенттігіне күдікті операциялар туралы уақытылы хабарлауға шақырамыз», – дейді ҚМА.