Әзірше тәртібі дайын емес дейді Роман Скляр
Бүгін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр шетелдік нөмірмен жүрген көліктер қалай рәсімделетінін түсіндірді.
Еске сала кетсек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауда 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға кірген шетелдік көліктерді жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеуге рұқсат берген еді. Бір реттік шара аясында утилизация мен алғашғы тіркеу үшін бірыңғай алым енгізіледі. Оның мөлшері 200-250 мың теңгеден аспауы керек.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, осы бастаманы іске асыру үшін тиісті актілерді қабылдау керек.
«Мемлекет басшысы айтқандай, бірыңғай төлемнің мөлшері 200-250 мың теңге болады. Біз тиісті шешімді әзірлеп, нормативтік актілерді қабылдаймыз. Соның негізінде президенттің тапсырмасы орындалады. Әзірше тәртібі дайын емес. Кейін мемлекеттік органдар барлық ақпаратты таратады», - деді ол журналистерге берген жауабында.