Үйде жанжал шығарғандар көше жұмыстарына тартылады - ІІМ

Дәурен Ерболат

Қайталанған құқықбұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімін 20 тәуліктен 25 тәулікке дейін ұлғайту жоспарланған

Фото: inform.kz

Қазақстанда отбасылық зорлық-зомбылық үшін жаза күшейеді. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Министрдің айтуынша, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімінің төменгі шегін белгілеу жоспарланып отыр.

Отбасында жанжал шығарғандар кем дегенде 5 тәулікке қамауға алынады, ал қайталанған құқықбұзушылықтар бойынша қамауға алу мерзімін 20 тәуліктен 25 тәулікке дейін ұлғайту жоспарланған. Сондай-ақ тұрмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеу бойынша арыз беруден анықтау қағидатына көшу көзделіп отыр, - деді Марат Ахметжанов Үкімет отырысында.

Сондай-ақ ол полиция арыз-шағымсыз тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша әкімшілік іс қозғай алатынын, сот нақты жазаны тағайындайтынын атап өтті.

«Заңсыз әрекетті қайталап жасағанда мұндай құқықты алып тастау арқылы тараптардың сотта татуласу рәсіміне қойылатын талаптарды қатаңдату жоспарланып отыр. Бұл жәбірленушіге көрсететін психологиялық қысымды тоқтатуға мүмкіндік береді», - деді министр.

Сонымен қатар бүгінде үйде жанжал шығаратындар үшін ескертуді қоғамдық жұмыстарға ауыстыру мәселесі қаралып жатыр. Егер бұл ұсыныс қолдау тапса, олар көшені тазалау, жол салу және жөндеу, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына тартылады.

Айта кетейік, бұл жұмыс президент Жолдауы аясында іске асырылады.