«Нұр-Сұлтанда да, Астанада да, елордада да тұрамын» - қала атауына қатысты министр жауабы
Жаңа министр Дархан Қыдырәлі бұл Парламенттің шаруасы деген пікірде
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Нұр-Сұлтан атауын өзгертуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Үкімет басшысының бірінші орынбасарының пікірінше, бұл мәселе алдымен қоғамда талқылануы керек.
Бұл бұрыннан қоғамда талқыланып жатыр. Ол сөзсіз назар аударуға тұрарлық маңызға ие. Оны кеше «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы жария етті. Қарауға енгізді. Қоғамдағы белгілі талқылаудан кейін ол ұсыныс Парламентте қаралар деген ойдамын. Сол себепті, күтейік, - деді ол.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де қоғам астананың бұрынғы атауын қайтаруды талап етсе, бұл Парламенттің шаруасы деген пікірде. «Кез келген нәрсе заң үстемдігі шеңберінде жүзеге асуы керек деп ойлаймын», - деді ол. Сондай-ақ министр бұл мәселеге қатысты өз ойын айтты.
Жалпы қоғамның бөлшегі ретінде айтсақ, қоғамның талабы ескерілуі керек, - деді ведомство басшысы.
Ал Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл тұрғысында ойланып көрмепті. «Қалай өзгерсе де маған бәрібір» дегендей сыңай танытты.
Қоғамның сұранысы бар, ұсыныс кеше ғана түсті. Шынымды айтсам, әлі толық ойланған жоқпын. Менен қайда тұрасың деп сұраса, мен Нұр-Сұлтанда да, Астанада да, елордада да тұрамын деп айтамын, - дейді ол.
Айта кетсек, кеше «Жаңа Қазақстан» депутаттар тобы астананың бұрынғы атауын қайтару бастамасын көтерген еді.