Halyq Uni логотип
×

Тараз қаласы әкімінің орынбасары мас күйінде әріптесімен жаға жыртысты - видео

Әкімдіктегілер видеоның қашан түсірілгенін, шенеуніктің мәселесін кім қарайтынын айтып берді

 Ұлдана Жұбай 10.02.2022 | 18:09
Тараз қаласы әкімінің орынбасары мас күйінде әріптесімен жаға жыртысты - видео
скриншот: видео

Әлеуметтік желіде Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиевтің мас күйінде әріптесімен жаға жыртысып жатқан видеосы тарады. Видеода мемлекеттік қызметкердің әріптесі – қала әкімінің кеңесшісі Нұрбол Қожықов та бар. Жанжалдың нақты қай жерде болғаны белгісіз. Әкімдік өкілдері шенеуніктердің бір-бірімен сөзге келуіне «өзара түсініспеушілік» себеп болғанын айтады.

Қала әкімінің кеңесшісі Зарина Қуатова шенеуніктің бұл әрекеті жұмыстан тыс уақытта әрі бұрын болғанын айтты.

«Бұл бейнежазбадағы жағдай 2021 жылдың 27 қарашасында жұмыстан тыс уақытта болған. Аталған видеода Тараз қаласы әкімі орынбасарының «ЭРК Астана» ЖШС өкілдерімен сөзге келгені белгілі болды. Ал, әкімнің кеңесшісі Нұрбол Қожықов мердігер мен орынбасардың арасына түсіп, Асхат Есеналиевті алып кетпек болған. Өткен жылы Таразда 162 аула жөндеуден өтсе, оның басым бөлігін жасаған осы - «ЭРК Астана» ЖШС. Жөндеуден өткен аулалардың сапасына қатысты халықтың наразылығы БАҚ беттерінде бұған дейін жарияланған болатын. Нәтижесінде әкімдік пен серіктестік арасында сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілген», - деді Зарина Қуатова.

Қала әкімінің кеңесшісі Нұрбол Қожықов қызметінен кеткен. Алайда, әкімдіктегілер оның қызметінен босатылуын «бұл жағдайға емес, денсаулығына байланысты» деп түсіндірді.

Қала әкімінің кеңесшісі аталған жағдайға байланысты қызметінен кеткені туралы ақпарат жалған. Ол осы жылдың 31-ші қаңтарында отбасылық және денсаулық жағдайына байланысты өз еркімен жұмысынан босатылған. Видеодағы жағдайды Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті қарайды, - деді Зарина Қуатова.

Айта кетейік, Асхат Есеналиев - қаланың құрылыс саласы мен тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жауап беретін шаһар басшысының орынбасары. Ол бұл қызметке 2020 жылдың сәуірінде тағайындалған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама