Қарасай ауданындағы үш ауысымды мектепте «У» сыныбы ашылды
Қазір ол мектептің өзінде 1 700 бала бар, ал 3 мыңға жуығы жан-жақтан қатынап оқиды
Алматы облысы Қарасай ауданының Кемертоған орта мектебі 1 200 орынға арналған. Алайда биыл онда 4 600-ден аса бала оқуға мәжбүр деп хабарлады 24.kz.
Бұл жерде төрт аймақтың балалары оқиды. Жан-жақтан тасымалданады. Әрине, енді бала саны өте көп. Үш ауысымда баланың білім алуы өте ауыр, – дейді «Кемертоған орта мектебі» КММ директорының міндетін атқарушы Халида Атабаева.
Қазір 1-сыныптың өзіне 600-ден аса бүлдіршін келген. Сондықтан «У» сыныбы ашылған. Бірінші ауысымның сабақтары таңғы сағат 7:30-да басталады. Ал үшінші ауысымдағылардың соңғы сабағы кешкі 7-ден өте аяқталады.
Қазір Кемертоғанның өзінде мектеп жасындағы 1 700 бала бар. Ал 3 мыңға тарта бала қатынап оқиды. Сол маңдағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде 20 мыңға тарта халық тұрады. Бірақ мектебі жоқ. Ондағы мектеп құрылысы былтыр басталыпты. Бірақ қазандығы қазылған соң мердігер мекеме құрылыс материалдарының қымбаттағанын сылтау етіп, жұмысты тоқтатып, жобаны қайта қарауға жіберген. Енді жергілікті билік Кемертоғанның өзінен жаңа білім мекемесін салуды қарастырып жатыр.
«Кемертоған ауылының аумағында жекеменшікке өтіп кеткен жер телімдерін қайта сатып алу қарастырылып отыр. Яғни, жер мәселесі шешіледі деп күтілуде. Сонымен қатар, Кемертоған ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2 мың орындық мектеп салу жоспары қарастырылды», – дейді Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова.