Алматыдағы Сайран көлінің жанынан қару-жарақ қоймасы табылды
Қарулар қаңтар айында жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған
Алматыдағы Сайран көлінің жанынан қару-жарақ қоймасы табылды.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Алмалы ауданындағы сынған, құрғақ бұтақтардың астынан қойма табылған.
«Қару»» республикалық жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Алматы қаласы бойынша ЛА-155/13 ҚАЖД мекемесінің жедел тобының қызметкерлері Алмалы аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірге Варламов көшесі бойынан, Сайран көліне қарай, батыс бағытта құрғақ бұтақтардың астындағы бұталардың арасынан қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қоймасын тапты.
Бұл жерден 12 калибрлі, екі тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, ПМ газ тапаншасы мен оқтар табылды. Қарулар қаңтар айында Алматыда болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған. Оның нақты кімдікі екені сараптамадан кейін анықталатын болады, – деді Алматы қаласы бойынша ЛА-155/13 ҚАЖД мекемесінің жедел уәкілі Рахат Нұрбеков.
Осыған байланысты ҚР ҚК-нің 287-бабы 2-бөлігіне сәйкес соталды тергеу амалдары басталды.