Конституциялық сотта қандай мәселелер қаралады?
Заң жобасы 3 бөлімнен, 10 тараудан және 68 баптан тұрады
Мәжілісте «Конституциялық сот туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Әділет вице-министрі Алма Мұқанованың айтуынша, Конституциялық сот биліктің сот тармағына жатпайды. Ол Қазақстандағы Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін орган болады.
Ең маңыздысы Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Конституциялық сот азаматтардың өтініші бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді Конституцияға сәйкестігін қарайды. Сондай-ақ Конституциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге берілді, - деді вице-министр.
Конституциялық соттың құзыреті Конституцияның 72-бабымен тікелей реттеледі. Оның құзыретіне сайлауды өткізудің дұрыстығы мәселелерін қарау, парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың республика Конституциясына сәйкестігін қарау, сондай-ақ Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру кіреді, яғни Конституциялық кеңестің барлық қолданыстағы функциясы Конституциялық сотқа берілді.
Сонымен қатар Конституциялық сот судьяларының мәртебесі Конституциямен айқындалатын жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар болып саналады.
Алма Мұқанованың айтуынша, заң жобасында Конституциялық сот судьяларының тәуелсіздігі мен қол сұғылмаушылығы да бекітілген.
Сондай-ақ Конституциялық сот судьяларының жоғары мәртебесін ескере отырып, оларды материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі нормалар енгізілген.
Конституциялық заң жобасының 46-бабында азаматтардың өтінішін қабылдау критерийлерін белгілеу ұсынылған.
Егер азаматтардың өтініштері үшін белгілі бір «фильтр» қойылмаса, Конституциялық сот оған келіп түскен барлық өтінішті қарай алмайды. Өйткені НҚА-ның барлығы дерлік азаматтардың конституциялық құқықтарын қозғайды, - деді әділет министрінің орынбасары.
Ол Конституциялық соттың өтініштерді қарау рәсімі жалпы соттардағы сот ісін жүргізу тәртібінен түбегейлі ерекшелетінін атап өтті.