Halyq Uni логотип
×

Шардарада 250 бала тозығы жеткен мектепте оқып жатыр

Бес жыл бұрын салынған мектеп құлап қалуы мүмкін

 Динара Амантай 02.09.2022 | 12:04
Шардарада 250 бала тозығы жеткен мектепте оқып жатыр
Фото: Halyq Uni

Түркістан облысының Шардара ауданындағы 5 жыл бұрын салынған мектеп апатты жағдайда. Ол жерде оқу қауіпті болғандықтан бірнеше сыныптар жабылды. Қабырғалары құлап кетуі мүмкін. Мердігер компания кепілдік мерзімінің аяқталуын сылтауратып, кемшіліктерді жоюдан бас тартып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

250 орындық мектеп Шардара қаласының іргесіндегі Өтеғұлұлы ауылында орналасқан. Ол 5 жыл бұрын ғана салынып, пайдалануға берілген, бірақ қазір мұнда оқу күн сайын қауіпті болып барады. Мектеп асханасының қабырғалары қисайып, құлаудың алдында тұр. Мектептің бұл жақ бөлігін оқу орнының басшылығы жабуға мәжбүр болып отыр.

Кезінде нысан кешіктіріліп пайдалануға берілген: құрылыс барысында көптеген кемшіліктер анықталып, оларды жою қажет болды. Бір жылдан кейін мектеп пайдалануға берілді, бірақ аз ғана уақыттан кейін қабырғаларында терең жарықтар пайда бола бастады.

Мына қабырға қисайып отырып қалды. Ол құлап қала ма деп қорықтық. Бұл өте қауіпті. Сондықтан өзіміз құлайын деп тұрған қабырғаны тақтайшалармен тіреген болдық. Енді оны сүрмекшіміз. Ал мердігер тіпті келген де жоқ, – деп түсіндірді мектеп директорының орынбасары Нұржамал Әділова

Кейінгі кезде мектепке оқушылардың ата-аналары жиі келетін болды. Олар мұндай жағдайда балалар білімнің орнына жарақат алуы әбден мүмкін деп қорқады.

Балаларым осы мектепте оқиды. Бесінші балам да оқиын деп отыр. Ары қарай қалай боларына уайымдап отырмын. Егер олар жоғарғы қабатқа көтерілген кезде қабырғасы кенеттен опырылып құлайтын болса не болады? Елестетудің өзі қорқынышты, – деді қала тұрғыны Зоя Есбосынова.

Жарықтар басқа қабырғаларда да пайда бола бастады. Мектеп директоры нысанды қабылдаған құрылыс бөліміне де, облыс басшылығына да арызданғанымен, нәтиже жоқ. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен бөлінген қаржыға мұғалімдер осы қабырғаларды жамап-жасқауға мәжбүр.

2017 жылы салынған мектеп тек бұл ғана емес, Ордабасы ауданында да мектептер салынды. Өкінішке қарай, мұндай мектеп Сайрам ауданында, Мақтаарал, Жетісай аудандарында да бар. Бұл мектептерді жөндеуге бізден ақша сұрайды, бірақ олар Жетісайдың өзінде үшеу болса, Сарыағаш пен Қазығұртта тағы бір-біреуден осындай мектептер бар, – деді. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.

Бұған қоса басқарма жосықсыз құрылысшылардың тізімін жасап, оны құқық қорғау органдарына беруді жоспарлап отырғандарын айтты. Облыстық білім басқармасы нысандарды қабылдағандар да жазалануға тиіс деп есептейді. Дегенмен бұл құрылысшылардың қателіктерін өз бетімен жоюға мәжбүр болған мұғалімдерге еш көмектеспейді. Ұстаздар оқу жылы басталғанға дейін жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтаймыз деп үміттеніп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама