×

Әкімдер басшылық лауазымдағы туыстары туралы сұраққа жауап берді

Кей әкім сұраққа жауап беруден бас тартса, енді бірі туысының нақты қай мекемеде қандай қызмет атқаратынын нақтыламады

 Айгерім Таубай 02.09.2022 | 11:01
Коллаж: Халық үні

Конституция бойынша ел президентінің туыстары мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқара алмайды. Ал мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, жақын туыстығы бар мемлекеттік қызметшілер бір-бірінің қол астында жұмыс істемеуі қажет. Бұл талап сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы кодексте де көрсетілген. Алайда туыс азаматтардың әртүрлі мемлекеттік мекемеде басшылық қызмет атқаруына шектеу қойылмаған.

Halyq Uni әкімдіктерге ресми сауал жолдап, Президент әкімшілігінде, үкіметте, министрлік пен мемлекеттік ведомствода, жергілікті өзін-өзі басқару органы, мемлекеттік корпорация және ұлттық компания, ұлттық басқарушы холдингтерде, ІІМ және ҰҚК, Бас прокуратураға және оған қарасты мекемелерде басшылық не жетекшілік қызмет атқаратын жақын және алыс туыстарының бар-жоғын сұрады.

Жақын туыстарына ата-ана, баласы, бір ана немесе бір әкеден туған бауырлары жатса, алыс туыс ретінде жиен, құда, бөле, немере бауыры, әйелі не күйеуінің туыстары, келіні не күйеу баласы туралы ақпарат беруді сұрады.

Әкімнің кейбірі сұраққа жауап беруден бас тартса, енді бірі туысының нақты қай мекемеде қандай қызмет атқаратынын ашып айтпады. 

ТҮРЛІ САЛАДА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН ТУЫСЫ БАР

Шымкент қаласы әкімдігі жолдаған ақпаратқа сәйкес, Мұрат Әйтеновтің түрлі салада қызмет атқарып жүрген туыстары бар. Алайда олардың нақты қай жерде жұмыс істейтіні айтылмады, тек елге қызмет етіп жүр деп көрсетілген.

Әкім туыстарының Шымкент әкімдігінде және қала бюджетінен ақша бөлінетін жерде жұмыс істемейтіні ғана белгілі.

«Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қала әкімдігінің және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың өзге де құрылымдарында ешқандай жақын туыстарының жұмыс істемейді», - деп мәлімдеді Шымкент әкімдігі аппараты.

Әкімдіктің хабарлауынша, Әйтенов туыстарының қызметте өсуіне тікелей ықпал ете алмайды.

ЗАҢҒА СҮЙЕНІП ЖАУАП БЕРГЕН ӘКІМ

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі жауабында алдымен облыс әкімінің жақын туыстарына қандай да бір мекемеде басшылық қызмет атқаруға шектеу қойылмағаны айтылған.

Сондай-ақ Даниал Ахметовтің отбасы құрамына әпкесі мен қарындасы, жұбайы, ұлы мен қызы, кәмелетке толмаған немерелері кіретіні көрсетілген.

Жергілікті атқарушы орган әкімдікте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 14-бабы сақталғанын хабарлады. Яғни, Даниал Ахметовтің жақын туыстары, жұбайы мен жекжаттары әкімдікте жұмыс істемейді.

Алайда ресми жауапта Даниал Ахметовтің жақын және алыс туыстарының белгілі бір мекемеде басшылық қызмет атқаратынын ашып айтылмады. Конституцияның 18-бабына сүйеніп, өзі және отбасының құпиясы болуын алға тартты.

«Ешкімді лауазымдық жағдайына байланысты кемсітуге болмайды. Соған байланысты Шығыс Қазақстан облысы әкімінің алыс туыстарының қызметтік жағдайы туралы ақпаратты, сондай-ақ жақын туыстарының сауалнамалық деректерін ұсыну мүмкін емес», - деп жауап берді облыс әкімі аппараты.

«АҚПАРАТ ҚҰПИЯ САНАЛАДЫ»

Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың мемлекеттік мекемеде және квазимемлекеттік секторда жетекшілік қызмет атқаратын туыстары бар.

Алайда облыс әкімі аппараты Конституцияның 18-бабына және «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңның 21-бабына сүйенген. Бұл заңда дербес деректерді қорғау: жеке өмірге қол сұқпау, жеке және отбасы құпиясы құқығы қарастырылған.

«Сондықтан заң аясында мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік секторда жұмыс істейтін туыстарының мәліметтерін ұсыну мүмкін емес, өйткені бұл ақпарат құпия саналады», - делінген ақпаратта.

ЖАУАП БЕРУДЕН БАС ТАРТТЫ

Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаевтың аппараты «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекске сүйенген.

«Аталған заңның 53-бабы 3-бөлігінде («жеке өмірге қолсұқпаушылық, жеке және отбасылық құпия») сәйкес азаматтардың жеке және отбасылық өмірі туралы мәліметтерді жария ету Қазақстан заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады», - делінген ресми жауапта.

Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың туыстары туралы да ақпарат берілмеді. Облыс әкімдігінің аппараты Конституцияның 18-бабына сүйенді.

Бұл бапта әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына құқығы бар екені айтылған.

«Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар сұратылған ақпарат жеке мәліметерді құрауына байланысты ұсыну мүмкін емес екенін хабарлайды», - делінген облыс әкімі аппараты жолдаған жауапта.

БАСШЫ ТУЫСЫ ЖОҚ ӘКІМДЕР

Әкімдіктерден келген жауаптың бірқатарында аймақ басшысының бір де бір туысы аталған мекемелерде басшылық не жетекшілік қызмет етпейтіні айтылған.

Бұл тізімде Қостанай облысы әкімі Архимед Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Құмар Ақсақалов, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғаниұлы, Павлодар облысы әкімі Әбілқайыр Сқақов бар.

Ал Қарағанды облысы әкімдігінінен келген жауапта аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің аталған органдарда жақын туыстары мүлде жұмыс істемейтіні көрсетілген.

2022 жылдың 31 тамызында қызметінен босатылған Ақтөбе облысының экс-әкімі Оңдасын Оразалин мен Түркістан облысының экс-әкімі Өмірзақ Шөкеевтің де мемлекеттік мекемеде қызмет атқаратын туыстары жоқ.

ТУЫСТАРЫ ӘКІМДІКТЕ ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙДІ

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның 13-бабының 7-бөлігінде мемлекеттік қызметші өзінің жақын туыстары, жұбайы немесе жекжаттары атқаратын лауазымға тікелей бағынысты лауазымды атқара алмайтыны, сондай-ақ жақын туыстары, жұбайы және жекжаттары тікелей бағынысында бола алмайтыны көрсетілген.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі дәл осы заңды алға тартып, Алтай Көлгіновтің туыстары елорда әкімдігінде лауазымды қызмет атқармайтынын хабарлады. Алайда қандай да бір туысының қай мекемеде басшылық қызмет атқаратын нақтыламады.

Жаңадан құрылған Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі ресми сауалға қысқа жауап қайырды.

«Абай облысы әкімі Нұрлан Ұранхаевтың жақын туыстары мемлекеттік органдарда немесе квазимемлекеттік секторда қандай да бір лауазымдарда тікелей бағынысты қызмет атқармайды», - делінген жауапта.

Осыған ұқсас жауап Алматы облысы әкімдігінен келді. Хатта Марат Сұлтанғазиевтің туыстары әкімге тікелей бағынысты еңбек етпейді делінген.

Жетісу облысы әкімдігі де осы заңға сүйеніп, облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қолданыстағы заң нормаларына қайшы қызметі атқарып жүрген жақын туыстары жоқ екенін мәлімдеді.

Алайда басқа мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін туыстарына қатысты ақпарат бермеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама