Қазақстанда зейнетақы төлемдері көбейеді
Зейнеткерге жинақтаушы жүйесі енгізілгенге дейінгі еңбек өтілі ескеріледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша мәселе қаралды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, Әлеуметтік кодекстің жобасы аясында базалық зейнетақы мөлшерін арттыру және ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табысты көбейту көзделіп отыр. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27% - ға көбейтуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда өзгерістер нәтижесінде Қазақстанда базалық және ынтымақты зейнетақыны, сондай-ақ БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемін (қызметкердің зейнетақы жинақтары есебінен қалыптастырылады) қамтитын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасты.
Ынтымақты зейнетақы жүйесі біртіндеп қысқаратыны белгілі. Өйткені, оларды тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы жүйесі енгізілгенге дейінгі еңбек өтілі ескеріледі.
Зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру және азаматтарды зейнетақының тиісті мөлшерімен қамтамасыз ету мақсатында Әлеуметтік кодекс жобасы шеңберінде мынадай өзгерістер енгізу ұсынылады:
Бірінші. 2023 – 2027 жылдар аралығындағы кезеңде ең төменгі базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан 54-тен 70% - ға дейін, ең жоғары мөлшерін 100-ден 120% - ға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51% - ға дейін өседі. Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13% болады. Оны 2 млн зейнеткер ала алады.
Екінші. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетке шығатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыларды есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыстың шамасын 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейту көзделеді.
Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27% - ға (3 жыл ішінде – 109-дан 138 мың теңгеге дейін) арттыруға және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекет қарт адамдар арасында кедейліктің көбеюіне жол бермеу бойынша міндеттемелер қабылдайды.