Halyq Uni логотип
×

Атырауда ауылдасын айуандықпен ұрып өлтірді деп айыпталған 8 жігітке қатысты сот ісі басталды

Келесі сот отырысы 16 ақпанда өтеді

 Айнұр Асылбекқызы 10.02.2022 | 15:29
Атырауда ауылдасын айуандықпен ұрып өлтірді деп айыпталған 8 жігітке қатысты сот ісі басталды
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Атырау облысы Индер ауданы Есбол ауылының тұрғыны Азамат Қалбағаев былтыр 8 тамызда бір топ жігіттің қолынан қаза тапты. Олар Азаматты қанжоса етіп сабап, ауыл сыртына лақтырып кеткен. Азаматты қансырап жатқан жерінен ауылдастары екі сағаттан соң тауып алған. Ауруханаға да солар жеткізген. Бірақ жігіт есін жимастан аурухананың қабылдау бөлмесінде көз жұмған.

Олар ұрып-соғу кезінде арматура қолданған. Сот-медицинадық сараптамасы көрсеткендей, марқұмның аяқ-қолы сынып, басы жарылған.

Бұл іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 7-тармағы («Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша адам өлтіру») бойынша тергеліп, сотқа жіберілді. Қазір Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сот тергеуі жүріп жатыр. Басты сот отырысы 7 ақпанда өтті. Сегіз жігіт айыпталып отыр. Олар 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Марқұм Азамат Қалбағаев қайғылы оқиға болған күні үйінде жалғыз болған. Туыстарының айтуынша, сол күні түске таман ауылдас жігіттердің бірі оны үйінен алып кеткен. Сол оқиғадан екі күн бұрын Азамат ауылында өзінен бір жас кіші жігітпен сөзге келіп қалған.

Ол кек алу үшін құрдастарын жинап әкелген. Қолдарында ұзындығы бір метрлік темір болған. Қансырап жатқанына қарамастан Азматты Жайықтың жағасына лақтырып кеткен, - дейді туыстары.

Осы қайғылы жағдайдан кейін бүтін бір ауылдың халқы бір-бірімен араздасып, екіге жарылған. Азаматтың өліміне қатысты айыпталып отырған 8 жігіттің ішінде бір-бірімен туыс (құда-жегжат) болып келетіндер де бар екен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама