Қостанай облысында көліктен 100 кг марихуана табылды
Жыл басынан бері полицейлер 170 килодан астам түрлі есірткі затын тәркіледі
Қостанай облысында тас жолда тоқтатылған көліктен 100 кг астам марихуана табылды
Қостанай облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора 2022» жедел алдын алу шарасы аясында өңірге есірткі жеткізу арнасының жолын кесті.
Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
31 тамызда жедел іс-шаралар өткізу кезінде Қостанай-Әулиекөл-Сұрған тас жолының 107 шақырымында Қарабалық ауданының 46 жастағы тұрғынының «Lada Largus» автокөлігінен өсімдік тектес зат салынған үш қап табылған. Сараптама бұл заттың салмағы 100 килодан асатын кептірілген марихуана екенін көрсетті, – деді бөлімше бастығы Асылбек Әлмағамбетов.
Оның айтуынша, есірткі облыс аумағында тарату мақсатында жеткізілген.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау, ірі және аса ірі көлемде өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті қамауға алынды, – деді Асылбек Әлмағамбетов.
Жыл басынан бері Қостанай полицейлері заңсыз айналымнан 170 килодан астам түрлі есірткі затын тәркіледі.