Түркістан облысында мектептерге 232 млн теңге айыппұл салынды

Динара Амантай

Өңірдегі 16 мектепте дәретхана сыртта орналасқан

Фото: Halyq Uni

2021-2022 оқу жылында Түркістан облысының 702 мектебіне тексеріс жүргізіліп, жауапты тұлғаларға айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Түркістан облысында 946 мектеп бар. Білім беру объектілерінің санитарлық және техникалық жағдайын аудандық және қалалық басқармалар жіті бақылап отыр. Асхана мәзірі, оқу кестесін дұрыс жоспарлау, таза ауыз су, жылу және жарықпен қамтамасыз ету сынды талаптар тексеру барысында назарға алынды.

2021-2022 оқу жылында 702 мектепке тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде жауапты тұлғаларға 232 млн теңгеге 614 айыппұл салынды, ұйғарымдар берілді. Өңірдегі апатты жағдайдағы төрт оқу орнының бірі жаңа ғимаратқа көшірілді, қалған объектілер бойынша шешімдер жақын арада қабылданбақ, – делінген хабарламада.

Сонымен бірге Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, балалар санының тығыздығын болдырмау үшін өңірде үш ауысымда оқытатын 11 мектептің бірі екі ауысымға ауыстырылғаны белгілі болды.

Бұған қоса облыстағы 16 мектепте дәретхананың сыртта орналасуы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Осыған байланысты Түркістан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұл проблеманы жауапты мекемелер алдында көтеріп, мәселенің жақын арада шешілетініне сенімді.