Дәрігерлер қайтыс болған балалардың ата-анасына жауап берді
Соңғы кездері Атырау облыстық балалар ауруханасында бала өлімі көбейген. 2019 жылы мұнда 56 бала, 2020 жылы – 36, 2021 жылы – 48 бала қайтыс болған. Ал биыл жыл басталмай жатып үш сәби шетінеген. Баласынан айырылып қалған бір топ ата-ана 7 ақпан күні осы емдеу мекемесінің жанында наразылық акциясын ұйымдастырды. Ал ертесіне, 8 ақпанда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары мен облыстық балалар ауруханасы дәрігерлері ата-аналардың шағымынан соң брифинг өткізді.
Наразылық акциясы кезінде ата-аналар балалардың өліміне жол берген дәрігерлерді жауапқа тартуды талап етті. Олардың бірі Қанат Жұмағұлов журналистерге қызынан қалай айрылып қалғанын айтып берді. 3 қаңтарда екі жасар қызының оң жақ аяғын алты пайыз күйік шалып ауруханаға түскен. Ол сол күні әуелі травматология бөліміне жатқызылған. Үш күн өткен соң ата-ана баласының (6 қаңтар – авт.) жансақтау бөліміне ауыстырылғанын біледі. Олардың сауалына дәрігерлер «қызды пневмониясы мен ентігуі пайда болған соң ауыстырдық» деп жауап берген. Марқұмның ата-анасы дәрігерлер анафилактикалық шокты пневмониямен шатастырып, реанимацияда ұйықтататын препараттар, яғни артық дәрі тамызғы мен препараттар салғанын, салдарынан сәбидің ағзасына ауыртпалық түскенін айтып, содан қайтыс болды деп есептейді.
ДӘРІГЕРЛЕР ХАТТАМАҒА САЙ КӨМЕК БЕРГЕНІН АЙТТЫ
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Сәдуова брифингте қайтыс болған балалардың ата-анасы мен туыстарына көңіл айтып, қазіргі уақытта басқармадағылар жағдайды талдауға кіріскенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде облыста жазатайым оқиғалар, соның ішінде балалардың жарақат алуы көбейген.
«2020 жылы жазатайым оқиғалардан кейін 406 бала стационарға түсті: оның 165-і ошақтық зақыммен, соның ішінде жол-көлік оқиғасы, термиялық күйікпен – 143, денесіне бөгде нәрсе кірген – 71, химиялық күйікпен – 27 бала. 2021 жылы 419 бала түскен, оның ішінде ошақтық жарақатпен – 181, термиялық күйікпен – 143, химиялық күйікпен – 40, бөгде нәрсемен – 55 бала түсті. Осы жыл басынан бері 35 бала түсті, оның үшеуі қайтыс болды. Біреуі күйіктен кейін, қалған екеуі гемолитикалық-уремиялық синдром салдарынан (бұл өткір ішек инфекциясы аясында эритроциттер мен бүйректердің жұмысын бұзатын жағдай)», - деді басқарма өкілі.
Ал облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетовтің айтуынша, екі бала аурухананың өзінде, біреуі астанадағы «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында» көз жұмған.
«Олардың бірі жұқпалы аурулар ауруханасында бір ай емделіп, 14 желтоқсанда облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Өткір ішек инфекциясы аясында ауруы асқынып, содан кейін бүйректері істен шыққан. «Гемолитикалық-уремиялық синдром» диагнозы қойылды. Жағдайын тұрақтандырғаннан кейін оны санавиациямен Нұр-Сұлтанға жібердік, ол сол жерде бес күннен кейін қайтыс болды. Екінші бала аурухананың жансақтау бөліміне өте ауыр жағдайда түсті. Оны дереу емдеуге кірістік, консилиум жиналып, астаналық мамандармен кеңестік. Өкінішке қарай, емдеу нәтиже бермеді, себебі бала өте ауыр жағдайда түсті. Үшіншісі күйікпен түсті. Ем алу кезінде жағдайы нашарлап, жансақтау бөліміне ауыстырылды. 13 қаңтарда қайтыс болды. Бұл күйік токсемиясының фазасына - органдар қызметінің кешенді бұзылуына, оның ішінде ми қан айналымының өткір бұзылуына байланысты. Бұл жерде де емдеу нәтиже бермеді», – деді Н.Айтмұхамбетов.
Аурухана басшысы қайтыс болған үш балаға да медицина қызметкерлері басшылыққа алатын хаттамалық талаптарға сәйкес көмек көрсетілгенін алға тартты.
ҚЫЗМЕТТІК ТЕРГЕУ БАСТАЛДЫ
45 жылдық тәжірибесі бар педиатр Зәбида Қожаниязова облыстық балалар ауруханасында сарапшы дәрігер болып қызмет етеді. Оның міндетіне медициналық көмектің сапасын бақылау кіреді екен. Қожаниязова аурухана директорының үш жағдайда да консилиум жиналып, санавиация шақырылды деген сөзін растады. Ол брифингте күйік жарақаты бойынша жазатайым оқиғалар статистикасына ерекше тоқталды.
Мен мына статистикаға назар аудартқым келеді: 2019 жылы күйікпен 143 бала түсіп, біреуі қайтыс болды; 2020 жылы 143 бала түсті, қайтыс болғандар жоқ; 2021 жылы да 143 түсті, алтауы көз жұмды, 2022 жылы – 35 бала түсіп, үшеуі қайтыс болды. Термиялық күйіктерді емдеу нәтижесі көптеген факторларға, соның ішінде бала денесінің жай-күйіне, зақымдану аймағы мен күйік тереңдігіне байланысты. Зақымдану аумағы кішкентай болуы мүмкін, бірақ егер зақымдану тереңдігі жоғары болса, бүкіл денеде асқынулар дамып, өлімге әкелетін жағдай да болады, - дейді маман.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Сәдуова балалар өлімі деректері бойынша тәжірибелі педиатрлар мен арнайы мамандардан тұратын комиссия құрылғанын хабарлады.
«Комиссия жұмысының және патологиялық-анатомиялық сараптама қорытындысы бойынша соңғы қорытындылар ұсынылады. Қажетті құқықтық саладағы медициналық көмектің сапасы бойынша мәселелерді шешу, құзыретті органдарға, атап айтқанда, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне хабарласу керек. Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша кемшіліктер анықталған жағдайда, шаралар, соның ішінде тәртіптік сипаттағы шаралар алынады», - деді Сәдуова.
ГЕМОДИАЛИЗГЕ ҚАТЫСТЫ ТҮСІНІКСІЗ ЖАЙТТАР
Облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетов қайтыс болған балалардың ата-анасынан түскен екі сұраққа жауап берді.
«Бастапқыда санавиация шақырдық дедіңіз, неге өтірік айтасыз? Оны шақырған біз. Неліктен Атырауда білікті дәрігерлер жоқ? Сіз өздеріңіз балаларыңызды жас мамандарға сеніп тапсырар ма едіңіз?» - деді 23 қаңтарда облыстық балалар ауруханасында қайтыс болған баланың анасы.
Бұған балалар ауруханасың басшысы былай деп жауап берді:
«Санавиацияны өзім қалай шақырамын? Бұл қызметтің құны миллион теңгеден асады. Бұл біздің сұранысымыз бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының рұқсатымен ғана шешіледі. Баланың жағдайы, оны тасымалдауға болады ма, т.б. ескеріледі. Ата-аналардың өздері санавиация шақыра алмайды, бәлкім, бұл туралы сіз де облыстық денсаулық сақтау басқармасына жүгінген боларсыз.
Жас мамандарға қатысты айтсам... Әр жас маманның тәлімгері бар, олар бірлесіп жұмыс істейді. Олар бізге институтты бітіргеннен кейін үш жылдық резидентура тәжірибесі бар, толыққанды медициналық көмек көрсете алатын қалыптасқан маман ретінде келеді».
Қайтыс болған тағы бір баланың туысы Атырауда гемодиализ аппаратының жоқтығын айтты.
«Бір жарым жасар бала ауыр жағдайда ауруханаға түскенде оның қант деңгейі 35-ке көтерілді және ешқандай консилиум болған жоқ. Ана мен бала орталығының өкілі бұл туралы мүлде білмеген. Бізге Атырауда гемодиализ аппаратының жоқтығын айтты. Ал Денсаулық сақтау министрлігі араласқанда, ол аппараттың бар екені, 2020 жылдан бері ораулы күйде тұрғаны, өйткені оны қолдану керектігін білетін маманның жоқтығы белгілі болды. Жансақтау бөлімінде жұмыс істейтін дәрігерлер осылай дейді», - деді ол.
Облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетов гемодиализ аппараты бұрын болмағанын, енді сатып алынатынын айтты.
«Баланың қант деңгейі қабылдау бөлімінде анықталды. Ол жансақтау бөліміне түскеннен кейін бірден ем тағайындалды. Ал, гемодиализ аппаратына келетін болсақ. Балалар ауруханасы үшін осындай аппаратқа сұраныс жасалды, оны қазір сатып алып жатырмыз. Маманды оқытамыз. Бірақ бұған дейін бізде мұндай аппарат болған жоқ. Ол модульдік жұқпалы аурулар ауруханасын да болды, бірақ оны ол жерге қоспады, өйткені ол жерде оны қажет ететін науқастар болмады. Бірақ ол жерде гемодиализ аппаратының барын білмедім. Оны білген соң бізге беруді өтіндім. Бұл жерде министрлік араласқан жоқ, бұл аурухана басшысы ретінде менің және денсаулық сақтау басқармасының басшысы қатысқан консилиумға сәкес жасалды. Бұл аппаратты алуға жарты күн кетті, біз оны қостық. Аппарат балаға дер кезінде қосылды», - деп жауап берді.