Қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасалады – Тоқаев
Қаңтар оқиғасы кезінде ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 104 адам бас бостандығынан айырылды
Қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жарияланады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында айтты деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр.
Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым», - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, рақымшылық тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысқан басты айыпталушыларға, сондай-ақ мемлекетке опасыздық жасады және билікті күшпен өзгертуге әрекет жасады деп айыпталғандарға жасалмайды.
Еске салайық, қаңтар оқиғасы кезінде ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 104 адам бас бостандығынан айырылды. Бүгінде 971 істің өндірісі аяқталды. Оның ішінде 609 айыпталушыға қатысты іс соттарға жолданды. Сот істерді қарап, 539 айыпталушыға үкім шығарды. Олардың ішінде 425 адамның бас бостандығын шектелді, тек 104 адам ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айырылды.