Олар Қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен айыпталып отыр
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Атыраудағы қаңтар оқиғасына қатысқан адамдарға қатысты сот отырысы басталды.
Бұл туралы «Ақжайық» басылымы хабарлады.
Сотта 27 адамға айып тағылып отыр.
Бес айыпталушы тергеу изоляторынан әкелінді. Басқа адамдар үйқамаққа алынғандар немесе ешқайда кетпеу туралы қолхат жазғандар. Айыптаушы тараптың мүддесін прокурор Нұрболат Әбілов қорғап отыр. Бақылаушы ретінде Адам құқықтары жөніндегі бюроның Атырау филиалының директоры Дарья Ұлжағалиева қатысуда.
Сотталушылар Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігі (Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу), 380-бабымен (Билік өкіліне күш қолдану), 380-1-бабымен (Құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қолсұғушылық) және 291-бабымен (Қару ұрлығы) айыпталған.
Іс бойынша 110 жәбірленуші (олардың бәрі полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер) және 100-ге жуық куәгер бар. Сотталушылардың бәрін адвокаттар қорғайтын болады. Кейбір айыпталушыда екі қорғаушыдан бар.
Қоғамдық қорғаушылар ретінде сотталушылардың туыстары – аналары, әжелері, әйелдері қатысып отыр.
Сот процесі жалғасып жатыр.